Өскемен қаласында өртенген үйден 2 адам құтқарылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 24 қарашада қаладағы Свобода көшесінде 5 қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде өрт шықты.
«Шақырту түсе салысымен өрт сөндірушілер оқиға орнына жолға шықты. Келген кезде 1 қабаттың терезесінен шығып жатқан қою түтінді көрді. Түтін арасынан терезе жанында тұрған адам байқалған. Олар терезе арқылы ішке кіріп 2 адамды құтқарып қалды. Атап айтқанда, 56 жастағы үй иесі мен оның 87 жастағы әкесі», - делінген ақпаратта.
Көк түтін үйдің подъезінен басқа қабаттарға таралған. ТЖД қызметкерлері басқа пәтерлердегі 6 тұрғын мен үш баланы сыртқа алып шықты. 4-ші қабаттағы пәтерден автосаты арқылы тағы 6 бала құтқарылды.
Көп ұзамай жалпы ауданы алты шаршы метрді құраған тілсіз жау толығымен ауыздықталды.
Зардап шеккен ешкім жоқ. Жалынмен күреске жеке құрамнан 21 адам мен 7 техника жұмылдырылған.