Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бері оқушылар арасында ақша бопсалаудың 50-ге жуық фактісі тіркелген

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2023
  • 1228

Қазақстан мектептерінде учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар және жедел қызметкерлер бекітілген. Олардың міндетіне кәмелетке толмағандарға теріс әсер ететін және қылмыстық идеологияны тарататын адамдарды анықтау кіреді.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері барлығы 11 мыңнан астам ЖПІШ, рейдтік іс-шаралар, жергілікті пысықтаулар мен акциялар өткізілді.

"Мәселен, кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 86 мыңнан астам ата-ана мен 1,5 мың мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 9,8 мың ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауап берді. 1,3 мың кәмелетке толмаған бала ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар бірқатар өңірлерде оқу орындарында бопсалау фактілері анықталды. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы бопсалаудың 49 фактісі тіркелді", делінген ІІМ хабарламасында.

Жас бопсалаушының орташа портреті келесідей сипатталады:

Көбінесе ол 15-17 жас аралығындағы жастар, физикалық тұрғыдан мықты, оқу оқитын және толық отбасында тәрбиеленетін балалар.

ҚР ІІМ мәліметінше, Талдықорған қаласындағы колледж студенттерінен бопсалағаны үшін полиция үш жасөспірімді ұстады. Ал Алматыда университеттердің бірінде студенттерден ақша бопсалағаны үшін 4 адам ұсталды. Жәбірленушілердің арасында кәмелетке толмағандар да бар.

"Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында оқушылардан жүйелі түрде ақша бопсалағаны үшін 5 жасөспірім ұсталды. Олардан бопсалаушылар 2-3 мың теңгеден алып отырған. Аталған фактілер бойынша “Бопсалау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оның санкциялары 4 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды, ал адамдар тобы үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді".
ҚР ІІМ

Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, күдіктілер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды.