Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте өткір респираторлық вирусты инфекция өршіп тұр

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2016
  • 3189

Шымкентте жедел жәрдем стансасына түсетін қоңыраулар саны соңғы бір аптада екі есеге ұлғайған. Бұрындары бір мыңдай шақырту алсақ, қазір тәулігіне екі мыңнан астам шақырту түседі, - дейді бекет басшылары. Дәрігерлердің жұмысы неге қауырт болып кетті? Мән-жайды Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Соңғы екі күннен бері Бағланнан маза кеткен. Тыныс алуы қиындап, тұмауратып жүр. Түнде дене қызуы қатты көтерілгендіктен, жедел жәрдем шақыртқан. Бірақ одан қайыр болмады дейді.

Бағлан Қазыбек  Шымкент қаласының тұрғыны:

Үш сағат күттім, келмеді. Үйде өзім дәрі ішіп жаттым. Ұйықтап қалыппын. Бүгін азанда емханаға барып қаралдым, қазір тәуірмін.

Шымкенттегі жедел жәрдем көрсету стансасындағылар науқастарға уақытылы жете алмауымыздың өзіндік себебі бар дейді. Өйткені  шақыртулар шамадан тыс көбейген .

Скорая Шымкент, тыңдап тұр!Адрес қандай? Температура өлшедіңіз бе?

Шақыртуларды қабылдап отыратын бөлімдегі қыздарда дамыл жоқ. Тұтқаны қойып үлгермей екінші қоңырауға жауап беріп жатыр.

Мұндағы қызметкерлердің мәліметінше, өткен аймен салыстырғанда шақыртулар екі есеге дейін артқан. Азаматтардың дені өткір респираторлық вирусты инфекцияның белгілеріне шағым айтады екен.

Шолпан Оспанова, Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету стансасының аға дәрігері:

Кешкі уақытта шақыртулардың көп түсуіне байланысты, үлгермей жатырмыз. 4-5 сағаттап жатып қалған шақыртулар бар. 2 мыңнан астам шақыртудың 40-50 пайызы тұмау, ыстығы көтерілуді құрайды. 

23, вы доехали, 23?! -Доехали!   -19, вы свободны, 19 ?!

Шымкентте жедел жәрдем көрсететін он бекетте 78 бригада жұмыс істейді. Соңғы аптада әсіресе жұмыс қауырт болып кетті, дейді барлығы. Әдетте күніне 15 шақыртуға барса, соңғы бір аптада кемінде 25-30 шақыртуға дейін шығып жүр.

Жайсан Егемова, желілік бригада дәрігері:

Шақыртудың тым көптігі қиындық туғызуда. Кемінде екі сағатқа кешігіп жүрміз. Себебін айтқанмен, көпшілігі түсіне бермейді. Бірінші кезекте шұғыл шақыртуларға баруға тырысып жүрміз. Қазір тамақтан уланып қалған жас балаға бара жатырмыз.

Жедел жәрдем қызметкерлері барлығына бірдей үлгермейтіндіктен, тығырықтан өзге жолдармен шығып  жатқанын айтады. Мәселен, қайсыбір азаматтарға телефон арқылы кеңес беріп амалдап жатқан көрінеді. Дәрігерлердің пайымынша, өңірде тұмаудың өршіп кетуі күннің күрт жылынуымен байланысты. Қазгидромет  мамандары да мұны растап отыр.

Әсем Нұрлыбаева, ОҚО «Қазгидромет» РМК инженер синоптигі:

Ауа температурасы түнде  -5-10 градус аяздан  +5-+10 градус жылыға дейін көтерілді.  Ал күндіз 0- +5 градус жылыдан  +12- +17 градус жылыға дейін көтерілді. Яғни соңғы бір аптада облыс аумағынан оңтүстік- батыстан келген жылы ауа ағындарының әсерінен ауа температурасының көтерілуі байқалды. Алдағы күндері ауа-райы жаңбыр жауып, арты қарға айналады, ауа температурасы төмендейді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жедел жәрдем көрсету стансасы қызметкерлері, әдетте мұндай қарбалас желтоқсан айының соңғы күндері және мерекелік демалыстарда болатынын, айтады. Бірақ бұл жолы  қарбалас ерте басталды. Сондықтан тығырықтан шығудың өзге де жолын іздестіруде. Емханалардағы кезекші дәрігерлерді тұрғындарға көмекке жұмылдыру жайы қаралып жатыр. Қазір осындай ұсыныс хат денсаулық сақтау басқармасына жолданған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ