Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда тұрғындарды тонап жүрген 120 адам анықталды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2023
  • 756

Алматыда қалта ұрлығымен ғана айналысып келген 120 адам анықталды. Криминалдық полиция оларды соңғы он айда анықтап, ұстаған.

Тек «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында жедел уәкілдер 44 қалта ұрысын ұстаған. Ұрылар автобустағы жолаушылардың заттарын үптеп кетіп отырған.

Қарақшылардың арасында зейнет жасындағы адамдар да болған.

«Олардың бірі – қоғамдық көлікте ұрлық жасап жүрген 63 жастағы И. есімді азамат. Қаскөй қарбалас уақытта кезекті ұрлығын жасауға шыққан. №201 бағыттағы қоғамдық көлікте ер адам жолаушының күртесінің қалтасынан Samsung телефонын ұрлап кеткен. Алайда оны жедел уәкіл ұстап алды. Күдікті қазір қамауда. Әуезов аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасы.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.