Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ембімұнайгаз» компаниясы жыл соңына дейін 2 млн 706 мың тонна мұнай өндірмек

Қара алтынның көмбесі саналатын «Ембімұнайгаз» компаниясы жыл соңына дейін 2 миллион 706 мың тонна мұнай өндірмек. Отандық компания интеллектуалды платформаны іске қосу арқылы өндірістегі қауіпсіздікті арттырып, жүздеген шақырым қашықта орналасқан кен орындарын орталықтан бақылауды қолға алған.

Бұл - Прорва кен орындар тобында орналасқан газ дайындау және күкірт алу цехы. Қатар тұрған 7 қондырғы – зауыттың жүрегі. Мұнда ілеспе газды өңдеп, күкіртсутектен ажыратады. Жылына 150 миллион текше метр газ қабылдап, тауарлы газбен бірге, 2000ға жуық тонна түйіршіктелген күкірт өндіреді. Осылайша мұнайдан ажыратылған газ кәдеге жарайды.

Жансерік СӘКЕНОВ, ГАЗ ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ КҮКІРТ АЛУ ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
24 сағат зауытымыз тоқтамай жұмыс жасайды.Сол себептен қазіргі таңда зауытымыз 95 пайызға жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда экологиялық аспектіні жауып тұрмыз толықтай. Қазір далаға жағып жатқан жоқпыз газды, қабылдап, тұтынушыларға беріліп жатыр және таза өнім алып жатырмыз.
Кешен толықтай автоматтандырылған. Арнайы зертханада тәулігіне 8 мәрте газ құрамына талдау жасалады. Жабдықтарға арналған жөндеу шеберханасы да бар. Мұнайшылар 14 күн вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олар «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығындағы әрқайсысы 100 орындық 5 жатақханада жатады. Мұнда жұмыстан кейінгі демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Жатаханадағы тренажер залы, биллиард, теннис бөлмесінен бөлек, спорт кешені, караоке, медпункт бар.

Серік МӘЖИТОВ, ОПЕРАТОР:
 Дене шынықтыру орталығы бар, волейбол, баскетбол ойнаймыз, футбол ойнаймыз. Дене шынықтырумен айналысып, кешкі уақытта сергіп қаламыз.
Компания басшылығының айтуынша, 10 ай ішінде геологиялық және техникалық шараларды жетілдірудің арқасында 200 мың тоннаға жуық қара алтынды өндірген.

Сәбит АРЫНОВ, «ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Адам өлімі тіркелген жоқ. Жол апаты тіркелген жоқ. Рекультивация жұмыстары толығымен орындалып жатыр. Сонымен қатар ластаушы заттардың шығымы шығарындылары 2017 жылмен салыстырғанда 50 пайызға дейін азайды. Газ жағу көлемі 2017жылмен салыстырсақ, 96 пайызға азайды.
Бұл – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сапарларды басқару» цифрлық жобасының жемісі. Ал арнайы патенттелген «Ембі» интелектуалды кен орны платформасы арқылы ірі 10 кен орнындағы өндіріс толықтай бақылауда. Айта кетейік, былтыр ғасырлық тойын тойлаған компания қаланың қақ төрінен «Мұнайшылар даңқы» аллеясын сыйға тартты. Соңғы екі жылда 28 гектар аумаққа көшет екті. Облыстың инфрақұрылымын дамытуға соңы 4 жылда 2,2 миллиард теңге бөлген. БН НМ АТ Атырау облысынан