Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада ер адам мұз астына түсіп кеткен бозбаланы құтқарып қалды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2023
  • 1553

Елордада ер адам мұз астына түсіп кеткен бозбаланы құтқарып қалды. Осы орайда ТЖМ тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап. ТЖМ мәліметінше, оқиға 27 қарашада Астана қаласындағы Ақбұлақ өзенінде болған. 2006 жылы туған бозбала өзеннің рұқсат етілмеген жерінен өтіп бара жатып, қатпаған мұздың астына түсіп кеткен. Оны оқиға куәгері байқап, құтқарып қалған. Бозбала ауруханаға жатқызылған. 

Осы ретте ТЖМ су айдындардағы мұз адамның салмағын көтере алатындай әлі қатпағанын, бір жаяу жүргіншінің өтуі үшін қауіпсіз мұз қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс екенін ескертті. Сондай-ақ ведомство өкілдері балаларға ерекше назар аударып, оларға қыста су айдындарының қауіпті болатынын түсіндіру керектігін атап өтті. ТЖМ мұздағы жүріс-тұрыс ережелерін де еске салды:

Мұзға шықпас бұрын оның беріктігіне көз жеткізіңіз. Ешқашан мұздың беріктігін аяқтың соққыларымен тексермеңіз; Мұздың бетінде жарықтар пайда болғанда, су мұз бетіне шыққан жағдайда үрейленбеңіз, шапшаң қимыл-қозғалыс жасамаңыз, дереу аяғыңызды алшақ басып, жағаға шығыңыз немесе еңбектеңіз; Тұман, қар кезінде сонымен қатар түнде мұз үстіне шықпаңыз; Жабдықталған өткелдерден басқа жерде көлік құралдарымен мұз үстіне шығуға тыйым салынады. Оқыс оқиға болған жағдайда дереу "112" телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет.

Министрлік мәліметінше, өткен күзгі-қысқы кезеңде еліміздің су айдындарында көлікпен мұз үстіне шыққан 12 адам мұз астына түсіп кетіп, оның үшеуі қайтыс болған.