Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы хостеліндегі өрт: 13 адам қаза тапты. Мекеменің жұмысы заңсыз болған ба?

Алматыдағы өрт кезінде қаза тапқан азаматтардың жеке басы анықталды. Қайтыс болған 13 адамның төртеуі- шетелдік. Қалғаны -Қазақстан азаматтары. Тағы 4 адам зардап шеккен. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Өрттің шығу себептерін анықтау және оның салдарын жою үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Өрт мына үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесі мен 1 қабатынан шыққан. Хостелдің ашылғанына небәрі бір жарым ай болған. Көбіне жас азаматтар мен студенттер тұрған көрінеді. Өрттің жалпы ауданы шамамен -30 шаршы метр.

Жатақханада 72 адам болған, 59 адам сыртқа шығып үлгерген. 13 адамның денесі табылды.

Әсем Сыдықованың 22 жастағы баласы Суннат осында тұрыпты. Ұлының көз жұмғанын естіп есеңгіреп тұр.

Әсем СЫДЫҚОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қайда балам, соны білгім келеді. Может ошибка шығар. Мама 25 мың төлеймін отдельный комнатада бір досыммен тұрамын деді.

Өрт шыққан үйден эвакуцияланған тұрғындар 3 өзге хостелге орналастырылды. Қазір оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Нұрсұлтан МАТЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

2 апта тұрдым, бүгін бес жарымда досым оятты мені. Комнатадан шыққанда уже бәрі полностью бірінші қабат бәрі түтін болған. Комнатаның қасында тұрдым и адамдарға көмектестім шығуға, примерно 6-7 адам шығардым.

Қаза тапқандардың жеке басы анықталды. 13 адамның төртеуі- шетелдік. Екеуі Ресей, екеуі Өзбекстаның азаматы. Ең кішісі -15 жаста. Шымкент қаласының тумасы. Ал ең үлкені 1984 жылы туған қызылордалық азамат. Оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық істі Бас прокуратура қадағалайды.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл факт бойынша қазір ішкі істер органдарымен қылмыстық іс қозғалды. Сапалы, жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету мақсатында бас прокурор тиісті өкім шығарды. Бас прокуратураның білікті қызметкерлері, сондай-ақ Алматы қаласының прокуратурасының қызметкерлері тергеу тобымен бірге барлық күш-жігерімізді салып, қысқа уақытта жауапкершілікпен қарау мәселесін қарастырамыз.

4 адам ауруханаға жеткізілген. Соның бірі-Үндістан азаматы. Бір науқас токсикология бөлімінде орташа ауыр хәлде жатыр.

Бауыржан ОМАРОВ, ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Науқастардың біреуі көмірқышқыл газымен уланып, токсикология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Қалған үш науқас толық тексерістен кейін, психологиялық көмектен кейін амбулаториялық емге жеткізілді.

Хостелдегілердің қашып шығуға мүмкіндіктері аз болды. Оқиға орнына келген төтенше жағдайлар министрі осылай деді. Сондай-ақ, өртті сөндіруге тар жол, тыныс алуға қиын орта, қалың түтін кедергі келтірген.

Сырым ШӘРІПХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Бұл хостелді иелері және де арендаға алған компания оны ресми түрде анықтау жұмысын және де рұқсат алу ондай жұмыстар атқармаған. Сол себептен жаңағы айтып отырғандай бір жарым ай ғана болған бұл хостелдің ашылуына.

Қазір үкіметтік комиссия мүшелері өрттің себептерін анықтап жатыр. Өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі.