Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодардың іргесіндегі Жетекші ауылында мал қорымы салынбайтын болды

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2016
  • 2779

Павлодар маңындағы Жетекші ауылында мал қорымы салынбайтын болды. Тиісті орган өкілдерінен құрылған  комиссия осындай шешімге келген. «Астана» арнасына берген сұхбатында шаһар басшысының орынбасары Андрей Балашов құрылысты жобалауда қателікке жол берілгенін растады. Айтуынша, санитарлық-қорғау аумағын белгілеген кезде бекітілген кестеден ауытқу болып, мал қорымы елді мекеннен небары 650 метр жерде салына бастаған. Мердігер жіберген қателігін толықтай мойындады. Нысанды бұзып, жаңа құрылыс бастауға кететін шығындарды өз қалтасынан өтеуге келіскен. Яғни мал қорымына 11 млн 400 мың теңгеден бөлек қосымша қаржы бөлінбейді.

Андрей Балашов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір құрылыс тоқтады. Нысанға тапсырыс берген құрылыс бөлімі тиісті құжаттарды рәсімдеп қойды. Мәселенің бастапқы кезеңінде шешілгені жақсы болды. Қазандықтың құрылысы ғана аяқталған еді. Енді ол бұзылып,  санитарлық қорғау аумағы талабына сай келетін жерде мал қорымы салынады.

Еске салсақ, Жетекші ауылы тұрғындары іргелерінде мал қорымының салынуына қарсы шықты. Олар өлексе тасталатын орынның тұрғын үйлерге өте жақын орналасқанын айтып, шағымданған. Мәселеге ақпарат құралдары араласқан соң жергілікті билік арнайы комиссия құрды. Белгілі болғандай, енді мал қорымы Жетекшінің оңтүстік аумағында орналаспақ. Бұл шешімге тұрғындар дән риза.