Русский Сайттың толық нұсқасы

Баланың болашағы үшін алаңдамаудың тиімді жолы - білім депозитін ашу

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2016
  • 3520

2016 жылғы жазғы Олимпиаданың жүлдегері Василий Левит игілікті іске мұрындық болды. Ол балалар үйінің тәрбиеленушісіне арнап білім алуға арналған жинақтау салымын ашып берді. Бұл болашақта жеткіншектің кез келген оқу ордасына қабылданып, білім алуына мүмкіндік береді.

Баланың болашағы үшін алаңдамаудың тиімді жолы - білім депозитін ашу. Енді бұл іс Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» атты бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Осындай депозитті Рио Олимпиадасының жүлдегері, қазақстандық боксшы Василий Левит балалар үйінің тәрбиеленушісіне арнап, ашып берді. Бағдарлама талаптарына сай, әр салымшы банктен 14 пайыз, ал мемлекеттен  5-тен 7 пайызға дейін сыйақы алып отырады.

Василий Левит, 2016 жылғы XXXI жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегері:

Болашақты қазірден бастап ойлаған жөн. Егер жүйелі түрде қаржы салып отырсаң, оған мемлекет және банк қосымша қаражат құйса, айтарлықтай көмек болады. Бүгін қолға алған игі істің ертең жемісін жейсің. Жинақталған қаражат білім алуға жұмсалады.

Алтынбек Бағыбергенов, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

Мен Василий Ивановичті көрдім. Ол маған көп сыйлық жасады. Мен өте қуаныштымын. Өскенде Василий Иванович сияқты боксшы боламын.

Бағдарламада қазақстандықтардың қаржылық мүмкіндіктері де ескерілген. Орталық салымның мерзімін, сома көлемі мен жарна салу жиілігін салымшының өзі белгілеуіне қолайлы жағдай жасайды. Білім депозиті Қазақстандық кепілдендіру қоры арқылы 10 млн теңгеге дейін сақтандырылған.

Асқар Ибраимов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы»АҚ президенті:

Мемлекеттік білім беру жинақтау бағдарламасына қатысушы Қазақстан аумағы ғана емес, шетелде де білім ақысын төлей алады. Төлем туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістер мұндай депозиттерді бұғаттауға жол бермейді.

Бағдарлама Қазақстанда соңғы 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы күнге дейін 16 мыңға жуық депозит ашылып, 200-ден астам студент аталған жүйемен қаражатын төлей бастаған. Василий Левит сияқты танымал спортшылардың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандарға көмектесу үшін осындай шараға қызығушылық танытқаны қуантады. Мұндай салым түрін кез-келген Қазақстан азаматы баласына арнап аша алады. Ол үшін жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігі болса жеткілікті.