Атырауда синтетикалық есірткінің 600-ге жуық дозасын сатпақ болған БҚО тұрғыны ұсталды. Күдікті қамауға алынды.
Көрші өңірден келген күдіктінің жасы – 24-те. Ол «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ұсталды.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының қызметкерлері синтетикалық есірткі затын аса ірі көлемде сатумен айналысқан 1999 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады. Күдіктінің Батыс Қазақстан облысында тұратыны белгілі болды. Одан 175,74 грамм есірткі тәркіленді. Сараптама қорытындысы 600-ге жуық дозаның синтетикалық есірткінің «Мефедрон» түрі екенін анықтады. Күдіктінің айтуына қарағанда, одан тәркіленген есірткінің құны 4 млн теңгеге жуықтайды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбады.
Бұған дейін жазғанымыздай, Атырауда қараша айы басталғалы бері есірткіге қатысты 8 қылмыс тіркелді.