Маңғыстау облысында Қызыл кітапқа енгізілген арқарды атқан браконьерлер ұсталды.
29 қарашада Қызылсай табиғи паркі мен «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи қаумалының мамандары Бөрібас жерінде кезекті рейд жүргізген.
Іс-шара барысында Nissan Patrol автокөлігімен Жаңаөзен қаласының тұрғындары ұсталған.
- Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан Қызыл Кітапқа енген бір арқар табылды. Сондай-ақ 26 оғымен 1 аңшы мылтығы және 2 аңшы пышағы тәркіленді, - деді «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи қаумалының басшысы Жұлдызбек Есенғалиев.
Аталған дерек Маңғыстау аудандық Полиция бөліміне хабарланып, тіркелген.
- Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп мәлім етті Маңғыстау аудандық полиция бөлімінен.