Бүгін-дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні. Астанада АИТВ- инфекциясын жұқтырған 2180 адам есепте тұр. СПИДке қарсы күрес орталығы күн сайын жұқтыруы ықтимал адамдарды анықтап, қан талдауын жасап, сақтанатын құралдар береді. Негізінен бұндай топ өкілдеріне наркомандар мен жезөкшелер жатады. Тілшіміз Айсәуле Съезбек аталмыш инфекциямен ауыратын жандармен кезігіп, ауруды жұқтыру мүмкін нүктелерге барып көрді.
Мадина 19 жасында тұрмысқа шығып, 21-інде тұңғышын босанады. «Сәбилі болдым» деп енді қуана бергенде жас ананың қанынан АИТВ-инфекциясы анықталады. Оған дейін аты жаман ауырудың қауіп-қатерін естімеген де, білмеген. Сөйтсе, заңды күйеуі отбасын құрардан 3 жыл бұрын АИТВ жұқтырып, диспансерлік есепке тұрған. Бірақ болашақ жарынан жасырған.
Мадина, АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫН ЖҰҚТЫРҒАН:
Біздің отбасымыз сол кезде шашырап кетті. Күйеуім сол бір жылдан кейін передозировка болып, наркотиктан қайтыс болды. Оған дейін употреблениеде болған екен. Одан кейін тағы да күйеуге шықтым. Күйеуім де менің статусымда. Ұлымыз бар. Отрицательный. Бұл диагнозды маған қойған кезде маған қанша дәрігер өмір сүре алмайсың, осынша өмірің қалды деп қаншама сөздер болды. Бірақ адам деген өзіне сену керек. Өмір сүргің келе ма ол сенің қолыңда.
Мадинаның екі баласы да аман-сау туған. Иинфекция берілмеген. Өзі 14 жылдан бері иммунитетін қалыпта ұстап тұратын дәрілерді ішіп жүр. Ел қатарлы қоғамда белсенді өмір сүріп жатыр. Бірақ АИТВ-статусын ешкімге айтпайды. Өйткені қоғамдық дискриминацияға ұшыраудан қорқады. Бұған дейін дәрігерлер мен туыстарының тарапынан алалаушылыққа талай жолыққан.
Мадина, АИТВ-ИНФЕКЦИЯСЫН ЖҰҚТЫРҒАН:
Екінші дискриминация өте қиын болды. Медсестра келіп біздің көршілерге айтқан біз тойға кеткенде. Тойдан келсек, бүкіл ауыл жиналып, мені өртеп жіберейін деп тұр. Сосын сразу СПИД-орталығына хабарласып, өзімнің адамдарымды шақырып, олар медсестраға түсіндірді сіз сотталып кетуіңіз мүмкін сіз біреудің жеке деректерін жарияладыңыз деп. Сосын ол бүкіл ауылдың көзінше менен кешірім сұрап, фамилиядан шатастым деп отрицать етті. Бірақ біреудің миында қалады ғой. Содан кейін қызымды алып Астанаға кеттім.
АИТВ-инфекциясы қан құю кезінде, ине алқылы немесе жыныстық қатынас арқылы жұғады. Сондықтан СПИД-орталық мамандары наркомандарды жіті бақылауға алған. Ирина Тищенко -аталмыш орталықта аутрич. Яғни, әлеуметтік қызметкер. Оның міндеті инфекция жұқтыруы ықтимал топ өкілдерін жиі-жиі қан тапсыруға жинап, СПИД-орталықтың машинасына әкелу. Оның Сарыарқа ауданында 15-ке жуық нүктесі бар.
Ирина ТИЩЕНКО, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР:
Мен бұрынғы наркоманмын. Инеден АИТВ-инфекциясын жұқтырдым. Ұзақ уақыт түрмеде де отырдым. 2015 жылдан бері бәрін тастадым. Содан бері өзім сияқты адасқан жандарға көмек беру үшін әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналастым. Шырмаудан шыға алмай жүрген достарым инфекция жұқтырып алмасын деп қан тапсыруға алып шығамын. Олардың көбі АИТВ жұқтырып алмас үшін өз еркімен қан тапсырады. Бұл бәлекеттен құтылғысы келгендерді наркологияға апарамын.
Жыныстық қатынастан жұқтырып алмас үшін отбасы құратын жұптар алдын-ала инфекцияға талдама жасатқаны дұрыс, - дейді дәрігерлер. Әйтпесе, кейіпкеріміз Мадинаның тағдырын қайталап қалуы ықтималдылығы бар. Қалыпты өмірдегі құшақтасу, бірге тамақтану, әңгімелесу кезінде инфекция жұқпайды. Алайда қоғамда АИТВ, СПИД туралы ақпараттың аздығынан бұны бәрі біле бермейді. Сондықтан осындай статустағы адамдардан безеді. Жоламайды. Бұл науқастардың емделуге келуіне одан сайын кедергі.