Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы халықаралық автодәліз құрылысы келер жылы басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Сондай-ақ, министр қаладағы бірнеше нысанды аралап, тұрғындармен кездесті.
Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы халықаралық жолдың тарлығы, салдарынан жол-көлік апаттарының көбейгендігі халықты алаңдатқан еді. Мемлекет басшысы мәселені назарға алуды қатаң тапсырды. Министр келер жылы құрылыс Ақтөбе қаласынан басталып, кеңейтілетінін айтты. Ал тұрғындар жол құрылысын отандық компаниялар жүргізсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Өмірбек ШӘМЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Екінші кезеңі басталғанда біздің осы Қызылорда облысының, мен басқа өңірлерді айтпаймын, Қызылорда облысының жол компаниялары осыған қатысса деймін. Ол қатысу үшін конкурстың талаптарын сол деңгейге келтіру керек.
Кездесу барысында Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентіне барар жолдың сапасы туралы айтылды. Сонымен қатар, Қызылорда-Жезқазған арасындағы жолдың жайы да назардан тыс қалмады. Министр алдағы жылы құрылыс қарқын алатынын жеткізді.
Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
5 участокке бөлінген 200-ден аса шақырым жолда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. соның құрылысымен таныстық. Ол жақта біздің жоспарымыз келесі жылы сол 5 учаскінің екіеуін толығымен бітіреміз деп отырмыз. Алдағы жылы, одан соң 2025 жылға тарай жалпы Қызылорда облысы бойынша осы Қызылорда Жезқазған бағытында салынып жатқан 200-ден аса шақырымды толығымен іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
Марат Қарабаев жаңадан салынып жатқан автовокзал құрылысымен танысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауданаралық ғана емес, халықарлық рейстер де іске қосылмақ. Сонымен қатар, Астана, Алматы секілді 8 қалаға автобус шығарылады. Жобада сауда нүктелері, автокөлік жөндеу орны қарастырылған. Министр одан әрі жақында жөндеуден өткен теміржол вокзалына да барды. Содан соң заман талабына сай салынып жатқан әуежайдағы жұмыстармен танысты. Әуежай терминалы келесі жылы пайдалануға беріледі.