Русский Сайттың толық нұсқасы

Қосшы қаласының тұрғындары күн суытқанда жылусыз қалды

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2023
  • 849

«Желтоқсанда жылусыз қалдық». Астананың іргесіндегі Лесная Поляна шағынауданының тұрғындары осылай деп шағымданды. Айтуларынша, көпқабатты үйде екі күннің бірінде жарық өшіп, су тоқтап қалады. Енді тәуліктеп жылусыз қалып отырмыз дейді.

Лесная Поляна 16-шы тұрғын үйде сенбіден-жексенбіге қараған түні сағат 3-те жылу өшіп қалған. Содан кешкі сағат 22:00-де бір-ақ қосылған. Сары аязда 19 сағат бойы жылусыз қалған жұрт балаларын қаладағы туыстарына жіберуге мәжбүр болғандарын айтады. Тұрғындар сөзіне сенсек, бұл маңдағы үйлерде жиі-жиі электр өшіп, су келмей қалады.

Жазира ҚОЖАНҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:

Әкім есеп бергенде айтты. Біз жылу жүйесін де, электр станциясын да, судың да барлығын жөндеуден өткіздік, бәрі дұрыс, біз қысқа дайынбыз деді. Мынау қандай дайындық? Кейбірде бір күн бойы свет болмайды, бір күн бойы су болмайды. Мына қыс жаңадан басталды мінекей. Бірінші күннен осылай болып жатыр. Алдымызда қаншама аяз бар, қаншама боран бар.

Гүлнәр ДӘУІТОВА, ТҰРҒЫН:

Бір қатты жел болса, бір қатты боран болса, не жол болмайды, не свет болмайды. Отырамыз. Кешіріңіздер, бізде аваринный режим, кешіріңіздер, уже жаттап қалдық аналардың сөздерін. Одан басқа ештеңе жоқ.

Қосшы әкімдігі демалыста туындаған мәселеге ауа райын кінәлады. Қатты жел бағандарды құлатты дейді. Ал тұрғындар көтерген коммуналдық мәселелердің барлығын жоққа шығарды. Су мәселесі 2021 жылы толық шешілген деді. Ал былтыр кәріздік жүйеге қатысты мәселелер жолға қойылыпты. Келер жылы жарық жайы түбегейлі реттеледі деді.

Әсет МҰҚАНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ешкім кепілдік бермейді. Қатты жел, боран болады деген ескерту келмесе, бізде сумен де, электр тоғымен де, жылумен де мәселе туындамайды. Ауа-райынан туындайтын форс-мажор оқиғаларды ешкім алдын-ала болжай алмайды. Ал кеше жылуды қосымша генератор көмегімен 1,5 сағатта-ақ қайта қостық. Толық қуатта емес, әрине, тек минималды температураны сақтап отырдық. Ал олқылықтар кешкі 18:00-де толық жөнделді.

Қосшыда 54 мың тұрғын қағаз жүзінде тіркелген. Бірақ ІІМ қосулы ұялы телефондар арқылы іс-жүзінде 112 мың адамның тұрып жатқанын анықтаған. Әкімдік электр энергиясының жетпей жатқынының басты себебі – осы, дейді. Қалада бір жылу қазандығы бар. Қазіргі таңда оның қуаты қаланы түгел қамти алмай отыр. Сондықтан келер жылы реконструкция жасау жоспарда», - деді әкім орынбасары.