Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда жаңа әуе компаниясы пайда болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2023
  • 1136

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев жолаушыларды идентификациялау бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиумда елімізде жаңа әуе компаниясы пайда болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін ICAO халықаралық азаматтық авиация ұйымының демеушілігімен өтіп жатқан TRIP жолаушыларды идентификациялау бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиумның жұмысы басталды. Симпозиум кезінде журналистер көлік вице-министрі Талғат Ластаевтан бұған дейін өзі айтқан жаңа әуе тасымалдаушысы қашан пайда болатынын сұраған.

"Келіссөз жүріп жатыр. Келіссөзді болжау қиын процесс екенін білесіздер, бірақ қазір біздің әуе тасымалы нарығымызға халықаралық ойыншылар қызыға бастағанын нық айта аламын", – деп жауап берді вице-министр.

Бұл әуе компаниясы қай елден болады деген сұраққа Ластаев: "Оңтүстік-Шығыс Азиядан дер едім" деп қысқаша жауап берді.

Электрондық үкімет ресми сайтының ақпараты бойынша, 2022 жылы Қазақстанда жеті әуетасымалдаушы тіркелген: Air Astana; SCAT; Qazaq Air; "Южное небо"; "Жетысу"; "Жезқазған-Эйр"; FlyArystan.

Сондай-ақ шетелдік компаниялар да халықаралық рейстерді орындайды. Мысалы қыркүйекте қытайлық Loong Airlines әуе компаниясы Қазақстанға рейстерді ашқан болатын – Көлік министрлігі ресми сайты мәліметіне сүйенсек, ол Ханчжоу – Алматы бағыты бойынша аптасына 3 рет рейс орындаған еді.