Енді инвестициялық штабтың шешімдерін орындамаған басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тіпті лауазымынан босатылуы мүмкін. Күні кеше Президент қол қойған «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша» атты Жарлықта осылай делінген. Инвестициялық кеңеске бірқатар өкілеттілік берілді. Енді олар мемлекеттік органдар үшін міндетті шешімдер қабылдай алады. Әрі уақытша нормативтік құқықтық актілер әзірлеуге құқылы. Яғни квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік бермек. Мұндай дербестік пен қатаң жауапкершілік инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған нақты қадам, - дейді экономистер.
Расул РЫСМАМБЕТОВ, ЭКОНОМИСТ:
Инвесторлар өз жобасын ұсыну үшін Президент пен министрді іздеп кетеді. Мемлекет басшысы шетелге барғанда ең ірі инвесторлық келісімшарттарға қол қояды. Неге? Өйткені инвесторлар сол уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз идеяларын ұсынып үлгереді. Басқа уақытта төмендегілерге жобаңды өткізу қиын. Атқарушы билік бұған жеткізбей, уақытылы жұмыс істеу керек. Жалпы, инвесторлар үшін «халыққа қызмет көрсету орталығы» сияқты бір жерден бәрін тындыратын орган қажет. Бұл құжат осындай кедергілерді жояды деп сенемін.