Әйелдердің құқықтары мен мүдделерінің қауіпсіздігі жан-жақты қорғалуы маңызды. Өйткені, әйел тұлғасының сауатты дамуын қалыптастыру - отбасы мен мемлекеттің әл-ауқатының жетістігі. Бүгін әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында
“AMANAT” партиясы әйелдер қанатының 1-ші отырысы өтті. Бурабайдағы шараны Сүндет Оралбек баяндап береді.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Әйелдің жаны нәзік болғанымен қырық жаны бар. Бабадан аманатталған сөздің салмағын арулар жақсы түсінеді. Шаңырақтың шырақшысы ғана емес қоғамның дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Әр салада белсенділік танытып жүрген барлық өңірдегі нәзікжандылар Бурабайда бас қосты. Пікір алмасып, ұсыныстарын айтты.
Әйелдер қанаты 10 басым бағыттың аясында жұмыс істейтін болады. Саяси көсбасшылығын қолдау, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, психологиялық, заңдық, қаржылық кеңес беру, кәсіпке баулу секілді негізгі шаралар қамтылған. Қажет болса мемлекеттік басқару ісін де үйретеді.
Шолпан КАРИНОВА, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ, ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бірнеше әдістемелер арқылы осы команда ұйымдастыру жұмыстары арқылы, мемлекеттік басқару бойынша әйелдерді оқыту жұмыстарын бастайтын боламыз. Бұл жұмысты демеушілік етіп отырған бізбен серіктес конрад аданауэр қорымен бірге жасап жатырмыз. Бұл жерде әйелдердің көшбасшылығын арттыру бойынша іскерлік оқытулар жүргізілетін болады. Және барлық өңірлер бойынша нақты атқаратын жұмыстарды бірігіп талқылайтын боламыз.
Талшын Үкібасова 44 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Әйелдер қанаты құрылады дегенде бірден қолдау білдіргенін айтады.
Талшын ҮКІБАСОВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
Біздің қоғамда әйелдің маңызын, рөлін көтеру. Әсіресе соның ішінде саясатшы ретінде, жұмысшы ретінде әйелдердің белсенділігін көтеру әйелдердің және балалардың құқығын қорғау. Осы мақсатпен істелініп жатқан жұмыс. Менің міндетім әйел денсаулығын сақтау. Қыз балалардың, ер балалардың, болашақ өсіп келе жатқан ұрпағымыздың денсаулығын қорғау.
Атырауда мемлекеттік қызметкерлердің 60, квазимемлекеттік органдардың 70 пайызында қыз-келіншектер жұмыс істейді. Аймақтағы кәсіпкерлердің тең жартысы - әйел. 600-ге тарта өндірістік кәсіпорынның 106-сына әйелдер басшылық жасауда. «AMANAT» партиясы мүшесінің 70 пайызға жуығы да - нәзік жандылар. Өңірде қыз-келіншектерге барынша жағдай жасалуда.
Айжан ҚАРАБАЕВА, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Алдағы уақыттағы біздің жұмыс жоспарымызды білу мақсатында жиналып отырмыз. Шын мәнінде бүгінгі отырысымызда әр өңірден келген әйелдер қанатының жетекшілері сол өңірдің өзекті мәселелері жалпы республикаға өздерінің ұсыныс пікірлерін берді. Бүгінгі біздің алғашқы отырысымыз сол жоспарды жүйелеп барып, ары қарай жұмыс жасаудың жолын ашу деп ойлаймын.
Сондай-ақ жиында заманауи гендерлік саясат, қоғамдық-саяси өмірдегі әйелдердің рөлі, әйел денсаулығы, әйелдер мен балаларды қорғау құқығын кеңейту және тағы да басқа тақырыптар қозғалды. Қатысушылар скрам әдісі арқылы тәжірибе алмасты.