Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбыл облысындағы ауылдың тұрғындары қартайып барады

Жамбыл облысындағы Мирный ауылында қариялар көбейді. Бірақ олардың қуанып жүргендері шамалы. Өйткені еңбекке жарамды адам аз. Зейнеткер көп. Бұл, әрине, экономикалық жағынан тиімсіз. Ауылға жастар неге тұрақтамай тұр? Берік Жұмабай анықтап көрді.

Әулие ата өңіріндегі Мирный ауылы Мойынқұм ауданынан 90 шақырымда орналасқан. Ауылға жетудің өзі азап. Жолдың ойдым-ойдымы шыққан. Қаңқасы қалған үй, талқаны шыққан там, айнала қоқыс құдды бір соғыс алаңында жүргендей сезінесіз. Адам тұрады дегенге сенбейсің. Бірақ қарттар туған топырақты тастамай күн кешуде.

Надежда ПАНЧЕНКО, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Аудан әкімі бұл ауылдың болашағы жоқ дейді. Бұл жерге қаржы құйып, оңалту ойымызда жоқ дегенін талай естідік. Аз болсақ та, бізде адамбыз ғой! Осылай кете берсе біздің жайымыз не болмақ. Әлде әдейі адамдардың толық көшіп кеткенін күтіп отыр ма? Біз қайда барамыз? Бір анығы ауданда бұл ауылдың жайын ойлап отырған жан жоқ.

Мырқабай СӘЛІБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Почти қалып жатыр. Кім терезе ала алады, кім несін алады, сол алады да, тастап-тастап кетеді. Көрдіңіз ба?! Енді не істейді енді? Ешкімге өтпейді ол...

Наталья СОРОКИНА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жылдан-жылға жағдай қиындап барады. Әсіресе ауызсу тапшылығы әбден мезі етті. Осындай ауылда қалған тұрғындарға мемлекет бірдеңе істеу керек қой! Болмаса өзге ауылдармен қоссын. Бір шешімін шығарса екен дейміз.

Көрші ауылдар Мирныйды қаттар ауылы деп те атайды екен. Себебі 670 тұрғынның 150-ге жуығы егде жастағылар. Мұнда тәуелсіздік алғалы бірде-бір әлеуметтік нысан бой көтермеген. Тек балаларға арнап ойын алаңқайы мен жасанды футбол алаңы салынған. Бірақ ойнайтын бала жоқ. 200 балаға арналған мектепте 53 оқушы, ал балабақшада бар жоғы 5-6 бүлдіршін бар көрінеді. Соңғы үш жылда 60 отбасы ауылдан кеткен. Ал аудан әкімдігі осыдан 15 жыл бұрын урбанизация деген бағдарлама шыққанда екі ауылды қосу туралы ұсыныс бергендерін айтады.

Сабит ТӨЛЕГЕНОВ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мирныйыңызда қазір жанында «Оргстрой» бар, «Құлан-көмір» бар. Жан-жағында жұмыс істейтін. «Ақсүйекте» мысалы дым жоқ. Көп қаржы керек! Урбанизация деген программа шыққан кезде біз «Ақсүйекті» «Мирныйға» көшіреміз ба дегенбіз, осыдан 15 жыл бұрын.

Болашағы жоқ ауылдарды біріктіреміз ба деген ұсыныс әкімдер ауысып, аяқсыз қалған.