Русский Сайттың толық нұсқасы

"Әйелдер қанаты жұмысын бастағаннан кейін гендерлік мәселе биік мінберде айтылады", - Е. Қошанов

«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті. Жиынға 100-ден аса белсенді қыз-келіншек қатысты. Жиналғандар Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлін талқылады. Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Қошанов гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, қыз-келіншектердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесі әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін айтты.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 Мемлекет басшысы ана мен баланы қорғау, отбасы тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар мәселесіне ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Айналып келгенде мемлекеттің де басты тірегі бақытты, тату-тәтті отбасы. Сондықтан отбасындағы ізгілік, адамгершілік, сыйластық қарым-қатынасты берік сақтау маңызды. Мұның құндылығын сіздерден артық ешкім білмейді. Қазақтың қыздары отбасын да отанын да екі қолымен бірдей тербеп отыр.

Анар БЕКСҰЛТАНОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ЖАН ШУАҚ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Бұл орайда әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың белсенділігін арттыру партияның алға қойған мақсаттарының бірі. Қашанда қоғамдағы әйелдердің алатын орны бөлек. Ол үйдің ұйытқысы ғана емес, ұрпақ тәрбиелеуші негізгі тұлға. Бұл орайда аманат партиясының өңірлік филиалдарында әйелдер қанаттары құрылуда. Қыз-келіншектердің көшбасшылығын көздейтін ұйым алдағы уақытта нәзікжандыларға тән өзекті мәселелерді көтеріп, кәсіпкерлерді қолдайтынына сенімдімін.

Делегаттар Президент Жолдауы мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында көтерілген мәселелер туралы сөз қозғады. Бала күтіміне берілетін төлемнің 1,5 жасқа дейін ұзартылуы, көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің ұлғайуына көңіл толатынын жеткізді. Балабақшадағы тегін тамақ пен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске қосылатынына қуанышты. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың 30 проценті – әйел. Ал «Қарызсыз қоғам» түлектерінің 58 пайызы - көпбалалы ана.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Барлық мемлекеттік органдар тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуде немесе алдын алуға қандай да бір үлес қосуы керек. Бірақ қазіргі уақытта жалпы тәуелсіз бақылау жоқ, сондықтан мен «АМАНАТ» партиясының әйелдер қанатына қыз-келіншектердің түйіткілді мәселелерін шешу жолында қоғамдық бақылау функцияларын алуды және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары бойынша облыстар мен министрліктердің басшыларын жүйелі түрде тыңдауын ұсынамын.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының көмегімен үлкен "Аңсаған сәби" бағдарламасы жүзеге асуда. 21 әйелге экстрокорпоралдық ұрықтандыру қызметтері ұсынылды. Бағдарламаны іске асыру кезінде 8 мыңнан астам әйел жүкті болды. 5 мыңнан астам отбасы көптен күткен 6 мыңнан астам бала дүниеге келді. Қанша отбасыға үлкен бақыт, қуаныш сыйладық.