Русский Сайттың толық нұсқасы

Қыстыгүні «таңғажайып» жол төсеу...

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2016
  • 2590

Желтоқсанда жөнделген, дәлірегі – төселген жол. Ақтөбеде қар басып қалған көшеге асфальт төселген. Шевченко көшесінің тұрғындары не жыларын, не күлерін білмейді. Олар жадыраған жазда емес, арқыраған қыста жасалған жол елжіреген көктемде еріп кетпей ме, деп алаңдайды. Тұрғындардың айтуынша, ауа райы ашық күндері тек қиыршық тас төселген. Жөндегіштер жолдың негізгі бетін жабуға қар жауғанын «күткен».

Қасымхан Айтжанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Бетін жылтыратты да, кетті. 5-6 сағатта опыр-топыр қылып, айдап өтті қардың үстіне.Одан не пайда? Ақшаны босқа далаға шашып кетті.

Ал, жергілікті билік өкілдері «алаңдауға еш негіз жоқ»,- дейді. Шевченко көшесінің жол жамылғысына арнайы битум қосылған. Айтуларынша, сақылдаған сары аязға шыдас береді.Таңғажайып асфальт төсеуге бюджеттен 30 млн теңге бөлініпті.

Руслан Төреғали, Ақтөбе қ. тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: 

Мердігер мекеме аталмыш жол үшін үш жыл кепілдік береді. Егер ақаулар байқалса, мекеме өз қаражаты есебінен аталған көшені жөндеп беретін болады.

Интернетте қыстыгүні асфальт төселіп жатқанын бейнелейтін видео жетеді. Жұрт әрине, әжуалап салады. Көрген кісілердің комментарийлері күйініш пен ... неге толы екені түсінікті.  Бірақ мүмкін біз білмейтін шығармыз, шенеуніктер білетін шығар. Бекер сайқымазақ етіп жүрген шығармыз. Мамандарға жүгіндік.

Ғалия Измаилова, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының жол құрылымдары және материалдар департаментінің директоры:

Құрылыс нормалары мен ережелерінде анық жазылған  - көктем мен жазда ыстық асфальт-бетон +5 градустан төмен емес температурада төселеді. Тіпті көктемде +10 градустан төмен емес температурада. Бұл нормативті құжат. Тағы бір айту керек жайт – асфальт жауын-шашынсыз ауа райында, ылғал емес, батпақ емес жолға төселуі керек. Жауын-шашын, қар жауып тұрғанда, ылғалды температурада ыстық асфальт төсеуге қатаң тыйым салынған. Қазіргі күні 0, -5 грдаусқа дейінгі температурада төсеуге болатын технологиялар бар. Арнайы қоспалармен араластырылған асфальт. Бірақ ол кезде де асфальт төселетін жол құрғақ, таза болуы тиіс. Сол күні жауын да, қар да жаумауы керек. 

Ақтөбеде қыстыгүні салынған жолдың бұзылғанын ешкім қаламайды. Бірақ бұзылса, тұрғындар айтпақшы, «елжіреген көктем суымен еріп кетсе» ше? Мердігер компания өз қаржысына жөндеп береді дейді. Ал ол кезде мердігер компанияда ақша болмаса ше, тіпті банкрортқа ұшыраса, тіпті қашып кетсе ше? Жол мен ақымақтар туралы орыстардың мәтелі актуальдігін жоймас. Сарказм біздің «серігіміз» болды ғой...