Русский Сайттың толық нұсқасы

Әйгілі қонақ үйдің шаңсорғышынан құны 370 миллион теңге тұратын сақина табылды

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2023
  • 1157

Парижде орналасқан Ritz қонақүйінен жоғалған құны 370 миллион 207 мың  488 теңге (750 мың еуро) тұратын сақина шаңсорғыштан табылды. Иесі сақинаны ұрлап кетті деп ойлап, полицияға хабарласқан. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі BBC сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Зергерлік бұйымның иесі – Малайзиядан келген кәсіпкер әйел. Сақинаның жоғалып кеткенін жұма күні полицияға хабарлап, бұйымын қонақүй қызметкерлерінің бірі ұрлап кеткен деп болжайды.

Бірақ, Le Parisien газетінің хабарлауынша, әйгілі қонақүйдің күзетшілері оны жексенбі күні шаңсорғыштың ішінен, шаң дорбасының ішінен тапқан.

Әйел Парижден Лондонға ұшып кеткенмен, сақинасын алуға келген, деп хабарлайды басылым.

Халықаралық люкс қонақүйлер желісінің өкілдері баспасөзге әйелге келтірілген қолайсыздықтың орнын толтыру үшін үш түн тегін бөлме ұсынғанын, бірақ ол бұл ұсынысты қабылдамағанын айтты.

Қонақ үй басшылығының ресми хабарламасында:

"Күзетшілердің мұқият жұмысының арқасында бүгін таңертең сақина табылды. Ritz Париж қонақ үйінің іздеуге атсалысқан және күнделікті жұмысында кәсібилік пен адалдық танытатын қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз", - делінген.

Сақинаның иесі полицияға оны қала орталығына дүкенге барар алдында қонақүй бөлмесіндегі үстелдің үстіне тастап кеткенін айтқан. Ол бірнеше сағаттан кейін қайтып келгенде сирек кездесетін гауһар таспен безендірілген сақина үстелде жоқ болған.

Атақты бес жұлдызды Ritz қонақ үйі Париждің қақ ортасындағы Вендом алаңында орналасқан. Ол жер – бай және атақты клиенттерімен ерекшеленеді.