Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар облысының Ақсу қаласында үйлерді кәріз суы басып қалды

Павлодар облысының Ақсу қаласында жеке меншік үйлерді кәріз суы басып қалды. Тұрғындардың айтуынша, қаланың орталық кәріз жүйесі істен шыққан. Салдарынан үйлердің жертөлесі мен едені суға толды. Ал тұрғындар жағымсыз иістен үйде тұру мүмкін еместігін айтады. Күннің суықтығынан есік терезені де аша алмай отыр. Ал жергілікті әкімдікке айтқанмен, нәтиже болмапты. Жертөледегі суларды тұрғындар өз күштерімен сорғызып жатыр.

Қуандық ТӨЛЕУОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәлен күн болды. Хабарласпаған жеріміз жоқ. Күнде ертең, ертең деп. Ертеңгі күнмен адамды алдап жүреді. Үйдегі жағдайды көріп тұрсыз. Линолеумды жыртып, лақтырып тастадық. Үйдегі балалардың бәрін көшірдік. Отырмыз енді бір Аллаға тапсырып.

Ақсу қаласы әкімдігінің хабарлауынша, екі көшедегі 7 үй су астында қалған. Оқиға орнында мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Күн райының қолайсыздығына байланысты апатты дер кезінде қалпына келтіру қиындық тудыруда.

Мерхат УАЛИТОВ, АҚСУ СУ АРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Коллекторда апат болды. Тереңдігі 7 метрлік құдықта 500 мм болатын құбыр жарылған. Соның кесірінен Құрылысшылар және Проезд 2 көшелеріндегі үйлерге су жайылып кетті. Десе де, судың мол мөлшерде жайылмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оқиға орнында 4 бірлік техника суды сорғызуда. Сондықтан, тұрғындардан келтіріліген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз.