Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Биыл елімізде 91 инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның жалпы құны – 376 миллиард теңге. Нәтижесінде 6 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Президент «Алтын сапа – 2023» байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасында айтты. Жалпы индустрияландыру кезеңінде 1,5 триллион теңге инвестиция тартылған. Сонын арқасында республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе көбейді.

Елдегі шағын және орта бизнестің ішкі үлесі 36 проценттен асты. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бизнеспен айналысатындардың саны 4,5 миллионға жақындады. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызының жеке кәсібі бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады.

«Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын ұйымдастырылады. Байқау 4 номинация бойынша өтті. Бұдан бөлек «Үздік индустриялық жоба» мен «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлығы табысталды. Негізгі 4 бағыттан бөлек, іс-шара барысында «Іскер», «Қазақстанның үздік тауары», «Ұлы дала елі» және «Іскерлік кемелдік», «Парыз» сыйлығы табысталды. Биыл конкурсқа қатысу үшін 221 компания өтініш берген.

Райымбек БАТАЛОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Биыл біз қатысушылар санын көбейттік. Байқауға шағын және орта бизнес өкілдерінің біразы қатысты. Көрме ұйымдастырдық. Барлық өңірден кәсіпкерлер келді. Өнімдерін таныстырды. Кәсіпкерлер арасында проблема жоқ емес. Қазір соларды шешу үшін бірплесіп жұмыс істеп жатырмыз.

«Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене қатысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Қысқасы, табысын елмен бөлісті.

Жанагүл ТӨРЕХАНОВА, «ТК ФАРМ АҚТӨБЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің дәрі-дәрмегімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне шығарып жатырмыз. Біздің қазіргі мақсатымыз – шетелге шығу.

Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өнім үлесін 70 процентке жеткізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп атқаруы тиіс. Жақында сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Кәсіпорын жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім береді. 120 мың тонна ет беретін 15 ірі құс фабрикасы да іске қосылмақ. Ал, ел тұрғындарын бекіре балықпен қамтамасыз ететін фабрика алдағы уақытта өнім көлемін 2 есе көбейтуді көздеп отыр. Олар бүгінгі шараның лауреаты атанды.

Ерлан СЕРІКХАНҰЛЫ, «OSTFISH» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Бекіре балығын өсірумен тек біз ғана айналысамыз. Қазақстан бойынша тек 3-4 мекеме ғана бар. Олардың көбі Батыс Қазақстанда орналасқан. Біздікі Шығыс Қазақстан бойынша жалғыз мекеме. + Жабық циклды мекемеде өсіреміз. Бұл қысы-жазы біркелкі температура сақталғандықтан балықтың тез өсіп-жетілуіне әсер етеді.

Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Бұл елімізде шағын және орта бизнеске ерекше басымдық берілгенін көрсетеді. Жақында Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін 10 мыңнан астам заң нормасының күшін жойды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұған дейін отандық бизнесті негізсіз тексерулер мен заңсыз қылмыстық қудалаудан қорғау жөнінде тапсырма берген болатынмын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкерлік саласындағы тіркелген қылмыстар саны екі есе азайды. Ақтау негізі бойынша тоқтатылған қылмыстық істер саны шамамен бес есе қысқарды.

Қазақстан үйренетін емес, үйрететін ұлтқа айналуы тиіс. Дәлірек, тұтынатын емес, өндіретін мемлекет ретінде қалыптасуы қажет. Үкімет пен кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істесе «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең сапалы өнімнің белгісіне айналады, - деді Мемлекет басшысы. «Алтын сапа» байқауының мақсаты да – осы.