Қазақша Полная версия

Нұр-Сұлтанда жарықтың сөнуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 11 ноябрь 2019
  • 2400

Нұр-Сұлтанда жарықтың сөнуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта «өрт қауіпсіздігін бұзу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл туралы Ішкі Істер Министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты. Төтенше жағдайдың болғанына 40 сағат өтсе де, әлі де жарық көзіне қол жеткізе алмай отырғандар бар. Ал кәсіпкерлер шығынға баттық деп отыр. Кім кінәлі, шығынды кім өтейді? Әлішер Өмірзақтың материалы.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:


9-нан 10-на қараған түні «Левобережье» станциясында мына секілді кабельдердің зақымдануына байланысты өрт шығып, кейіннен Елорданың сол жағалауының біраз тұрғындары, ғимараты жарықсыз қалған болатын. Олардың қатарында маңызды стратегиялық ғимараттар да бар. Қазір көріп тұрғандарыңыздар жөндеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Біраз ғимараттарға жарық көзі берілді, дегенмен әлі де жарық көзінсіз отырғандар бар.

Әрқашан жарқырап тұратын астананың символы «Байтерек» те, маңындағы Қорғаныс министрлігі де 40 сағат өтсе де қуатсыз отыр. Ал «ҚазМұнайГаздың» ғимараты да жарықсыз қалды. Әдетте 9-дан басталатын жұмысқа қызметкерлер 1-де келді.

Ұлан СМАИЛОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Дизель генератор қондырғысының күші толығымен бәрібір қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан түске дейін жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылданған болатын.

Ал "Нұрсая" тұрғын үй кешенінде кәсібі бар кәсіпкерлер шығындарын есептеп әлек. Кафе, мейрамханалар бүлінген азық-түліктерін лақтырып, клиенттерінен қағылған. Тіпті шағын дүкендер де шығынға баттық деп отыр. 

Назгүл РЫСБЕКОВА, ФЛОРИСТ:

Кеше бізде күні бойы свет болған жоқ, свет болмаған соң холодильник жұмыс істеген жоқ. Гүлдердің көбісі солды. 300 мыңдай шығын келді біздің компанияға. Бұл шығынды кім төлейді екен деген сұрақ маңызды.

Шығынды кім өтейді деген сұраққа жауап іздеу үшін әкімдікте арнайы комиссия құрылды. Шененуіктер олар жазасын алып, шығынды өтейді деп отыр.

Ернат БӘЗІЛ, «НҰР-СҰЛТАН Қ. ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕНІ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ» ММ БАСШЫСЫ:


Арнайы құрылған комиссия қысқа мерзім ішінде өрттің неден бастау алғанын, оған кім кінәлі екенін анықтайды. Мұндай төтенше жағдай бұрын соңды болмаған. Уақыт қажет. Сондай-ақ келесі де қайталанып жатса, аналог ретінде тағы бір қосалқы станцияның жобасын дайындап жатырмыз. Оны жүзеге асыруға біраз қаражат қажет. 

Бұл апат бас қаланың мұндай жағдайға дайын еместігін көрсетті. Ақордадан бастап Мәжіліс,Үкімет үйі және 9 көппәтерлі үй -18 градус суықта жарықсыз, жылусыз қалды. Іске араласқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдікке мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдануын тапсырды.


Ә. Өмірзақ