Ыстық су көпқабатты үйдің 7-ші қабатында жарылып кеткен. Пәтер иелері бір сағат бойы суды ауыздықтай алмағанын айтады. Ал жедел әрекет ету қызметі кешігіп келген көрінеді. Тіпті шелектеп аққан су 2 қабатқа дейін жетіпті.
Алтай ҚОЙШЫБЕКОВ, ТҰРҒЫН:
Қайнап тұрған су күллі үйді жайпап кетті. Таңға дейін жүрдік судың әуресімен. Полдың бәрі көтеріліп жатыр. КСК бәрін біледі. Балалар хабар беру үшін екі рет барды. Тексерген, қараған ешкім жоқ!
Тұрғындардың айтуынша, бұл құбырдың істен шығуы алғаш рет емес. Үйге жауапты мекеме оған қаражат бөліп, жөндеуге құлықсыз деп отыр. Оған қоса су құбырлары жиі істен шығып, тіршілік нәрінен қағылатындарын айтады.
Жұлдыз БАТЫРҒАЛИ, ТҰРҒЫН:
Құбыр өте жиі атылады. Суды төмендегі дүкендерден сатып алуға тура келеді. Тіпті бала-шағамның бет-аузын жууға да су жоқ.
Ал, кондоминиум органының басқарма төрағасы ыстық су құбырының істен шығуы жарықтың өшіп-сөнуінен болды деп болжайды. Қысым өзгеріп, құбыр жарылған. Ал судың жиі тоқтатылуы құбырларды ауыстырумен байланысты деп отыр.
Жанна ҚАБЫЛБЕКОВА, ТҰРҒЫН ҮЙДЕГІ КОНДОМИНИУМ ОРГАНЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Жылу транзитінің өз нормасы бар. Сырттағы ауа температурсы қаншалық төмен болса, іштегі жүйенің температурасы жоғары болуы керек. Сондықтан, бұл қысым мен ауа температурасының мөлшері сақталмағандықтан. Тұрғындар оны өз қаражаттарына ауыстыруы керек.
Тұрғындар бірнеше рет әкімдікке де шағымданған. Ал олар шарасыз.
Әли ӘМІРБЕК, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Инженерлік құбырлар барлығы ортақ мүлік болып есептеледі. Бұл ортақ мүліктің мәселелерін тек ғана пәтер иелері шеше алады.
Тұрғындар шығындардың есебі ашық емес деп отыр. Сондықтан кондоминиумді сотқа бермек.
Ғ. Өтемісов