Ақтөбе облысында олимпиадаға бара жатқан екі оқушы мен мұғалім жол апатынан қаза болды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға таңғы сағат 8:30-да болған. Самара-Шымкент тасжолында оқушылар мінген «Toyota Alphard» автокөлігі мен «Volvo» жүк көлігі соқтығысқан. Машинада 14-16 жастағы 5 оқушы мен мұғалім болған. Олар республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысуы тиіс еді.
Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан олимпиадаға 10 бала баруы тиіс болған. 5-еуін полиция жетекшілігімен басқа көлік алып кеткен дейді, - облыс әкімдігінің өкілдері. Ал апатқа ұшыраған мұғалім мен 5 оқушы «Toyota Alphard» маркалы автокөлікке отырған. Өкінішке қарай, көлік Ырғыздан 50 шақырым жердегі Құрылыс ауылының тұсына келгенде жол апатына ұшырады. 16-дағы екі оқушы мен жетекшісі сол жерде қаза тапты. Машина тізгінінде балалардың бірінің ағасы болған көрінеді.
Бұлбұл ЕЛЕУСІНОВА, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол жердегі білім бөлімінің басшыларының, мамандарының айтуы бойынша бұл жерде ауа райына байланысты Жайық Исаұлы айтып кеткендей ауа райына байланысты кейбір ата-аналар рұқсат етпеген. Бірақ рұқсат етпегенмен де екінші көлікпен жаңағы ағасының көлігімен жолға шыққан.
Апаттан аман қалған үш бала аудан орталығына жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Оқушылар жабық бас ми жарақатын алған.
Рүстем ИСАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Қазіргі кезде үш баланың жағдайы орташа ауырлықта. Қазіргі уақытта жарақат алған балалар бойынша облыстық авиация мамандарымен телемедицина өткізіліп, емдеу бақылау тактикасын шешетін боламыз.
Аталмыш іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Арнайы комиссия құрылды. Көлік апатының себебі анықталып жатыр.
Ардана САЙМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл дерек бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 345 бабымен іс қозғалды. Төртінші бөлімімен, яғни екі және оданда көп адамдардың өліміне әкеп соқтырған жол көлік оқиғасы. Және екінші қылмыстық іс ҚР ҚК 141 бабы яғни балалардың өмірі менд денсаулығы қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз етупеу бұл бойынша жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Көлік тізгіндеген жүргізуші қамауға алынды. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.