Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ұлттық қор - балаларға» жобасы 1 қаңтардан бастап іске қосылады

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2023
  • 1024

Елімізде 7 миллионнан астам бала өз үлесін алады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор - балаларға» жобасы іске қосылады. Ұлттық қордың жылдық табысының тең жартысы арнайы шотқа түседі. Балалар шоттағы ақшаны тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Жоба туралы әріптесім Динара Жақсыбайқызы тарқатады.

Қаражат балалардың есепшотына 1 ақпаннан бастап түседі. Ата-аналар ең алдымен баланың жеке сәйкестендіру нөмірі бар-жоғын тексеруі қажет. Баланың құжаты дұрыс болмаған жағдайда ата-ана оны қалпына келтіру керек дейді мамандар.

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Барынша тезірек уақыттың ішінде баланың құжатын қалпына келтіруге, болмаса жаңа құжат алуға, жеке сәйкестендіру нөмірін алуға жағдай жасау керек. Өйткені осы дәл жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша электронды үкімет порталында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында осы екі аталған ұйымның электронды мобильді қосымшаларында барлық ақпаратты нақты уақыт режимінде көріп ата-аналар бақылап отыратын мүмкіндігі болады.
Ата-ана баласы үшін еGov порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ. Баланың деректері Мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, онда бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ақша түсетін арнайы шот та балаларға автоматты түрде ашылады. Жыл сайынғы төлемнен ешбір бала шет қалмайды.

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Ешқандай бала да шет қалмайды. Егер қандай да бір себеппен құжаты болмай қалса, басқа да бір жағдайлар болып, төлемнен қалып қалатын болса, ол биылғы жылдың төлемін келесі жылдың төлемімен бірге қосып ала алады.
Ұлттық қордың қаражаты тиімді айналымға түсіп, үлкен кіріс әкелетін акциялар мен облигацияларға орналасуын қадағалау қажет. Ұлттық банк осы мәселелерді ескеру қажет, дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, кіріс түспейтін компаниялардан бас тартып, әлемдік алпауыт компаниялардан пайда көруіміз керек.

Бауыржан ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Әлемдік кірістілік әкелетін кәсіпорындардың акцияларын Ұлттық қордың қаражатын салмайтын болсақ, онда біздің балаларға түсетін, счетымызға түсетін қаражаттың да болмай қалуы мүмкін деген тәуекелді ескеріп, біз осы бастан мынау Ұлттық қордың қазір орналасқаны дұрыс па деген сияқты мониторинг жасауымыз керек.
Баланың болашағы кімді де болсын алаңдатары сөзсіз. Баланың білім алып, баспаналы болғанына әр ата-ана қуанады. Оған мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе тіпті риза.

Азатхан БАЙБАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ата-аналарына да немерелерімізге де көмек болады. Сол үшін мен иә деп айта аламын. Көмек өте жақсы, көмек бұл солай болып жатса, қуанышты боламыз. Неше неремеңіз бар? Менің Алла берген 11 немерем бар. Ол бала-шағаға деген кішкентай көмек болып тұрса, мен әрине ризамын оған.
Қазір Қазақстанда 7 млн 20 мың бала бар. Елімізде туудың оң динамикасы қалыптасқанын ескерсек, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін біршама өзгермек. Бала саны нақты болмағандықтан мамандар бір жылда әр баланың есепшотына қанша қаражат түсетінін дөп басып айта алмай отыр.