Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда су мен жылуға қосылып, енді жарықтың бағасы да қымбаттамақ

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2016
  • 2833

Қызылжарда су мен жылуға қосылып, енді жарықтың бағасы да қымбаттамақ. Бүгін өткен қоғамдық тыңдалымда «Севказэнергосбыт» серіктесігі тарифті 2,5 пайызға өсіруді ұсынды. Бұған дейін аймақта су 35, ал жылу құны 28 пайызға артатыны белгілі болды. Абзал Құрманкин тарқатады.

Бір бөлмелі пәтердің коммуналды қызмет ақысы зейнеткер Зинаида Самойличенконың жүйкесін жұқартып отыр. Айтуынша, осыған дейін ай сайын 7 мың теңгенің шамасында шығатын коммуналдық қызметтің құны енді жаңа жылдан бастап 9 мыңнан асатын түрі бар.

Зинаида Самойличенко, зейнеткер:

Ең алдымен жазғы күні газ 30 пайызға қымбаттады. Кейін міне су 15, ал жылу 27 теңгеге қымбаттап жатыр. Енді жарықтың кезегі келді. Бұдан кейін телефон, домофон мен қоқыстың да құны өспек. Коммуналдық қызметтердің барлығы көтерілсе, бұл азық-түліктің бағасына да әсер етеді.

Қоғамдық тыңдалымға келген көпшіліктің мәселесі осы. Жиын жарық тарифін қарастыруға арналғанымен, бұқара коммуналдық қызметтердің басқа түрлері бойынша сұрақтарын жаудырды. Алайда, тұшымды жауап ала алмады. Қазір тұрғындар жарықтың бір киловатына 13 теңге төлеп жүр. Монополисттер төмен тарифтің кесірінен шығынға белшеден батып жатқандарын айтты.

Мағауия Сағындықов, «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

2017 жылға жоспарлаған инвестиция көлемі 15 миллион теңгеге тең. Сондай-ақ, «Севказэнергосбыт» серіктестігі дифференциалды тарифтердің салдарынан биыл 513 миллион теңгеден қағылды. 

Дегенмен, қаржылық қысылтаяңды сылтауратқан монополистер ең қымбат компьютерлерді сатып алып жатқан көрінеді. Бұны ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі өз көзімен көргенін айтып қалды.

Марат Ысқақов, «Атамекен» ҰКП Солтүстік Қазақстан облысы филиалы директорының орынбасары:

Сіздер көрсетіп отырған кестеде сіздердің 3 жыл бойы шығынға батып жатқандарыңды көруге болады. Сонда АПЛ компьютерлерін сатып алуға ақшаны қайдан алдыңыздар? Арзанырақ компьютермен жұмыс істеуге болмай ма?

Мағауия Сағындықов, «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

Біз шығынды тек дифференциалды тарифтен ғана көріп отырмыз. Ал Макбуктарды басқа ақшаға алдық.

Ал табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері кәсіпорындардың арыздарын толық мөлшерде бекітпейміз деп сендіреді.

Арман Өтегенов, СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:

Жарықтың нақты құны желтоқсанның аяғында белгілі болады. Жылудың тарифі былтыр бірден бес жылға бекітілді. Ал судың бағасына қатысты қорытынды желтоқсанның он бесінде шығады. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы монополисттердің есебіне сенімсіздік танытып отыр. Олар "Севказэнергосбыт" компаниясы табыссыз қалмайды деген пікірде. Ал монополисттер, тариф құнын өсірмесек, келесі жылы шығын көлемі одан да көп болады, деп отыр. Монополияға қарсы күрес департаменті жарық тарифіне қатысты соңғы нүктені желтоқсанның аяғына дейін қоймақ.

А.ҚҰРМАНКИН