Атырауда
көктемгі жауыннан баспаналары жарамсыз боп қалған тұрғындар қыстайтын жер
таппай, әкімдік табалдырығын жағалап жүр. Тұрғындар үйдің нөмірі жазылған бір
тілім қағаз ұстатқанымен, кілтін бермей зарықтырып жүргенін айтады. Бүгін
сондай бір топ тұрғын қалалық әкімдікке барып, тауы шағылып қайтты. Үйі апатты
деп танылғандарға баспана қашан беріледі? Базаргүл Нәдірқызы анықтауға тырысты.
Қайрат
Артықбаев - көктемгі жауыннан үйі тұруға
жарамсыз болып қалғандардың бірі. Жас та болса, бас болып, бір үйлі жанды сүйреп
жүрген ол, әкімдіктен әбден көңілі қалғанын айтады. Шенділер қолына Нұрсая
мөлтекауданынан пәтер берілгендігі туралы бір тілім қағаз беріп қойғанына бір
айдан асыпты. Бірақ пәтер кілтін бермей, сарсаңға салды, - дейді.
Қайрат
Артықбаев, Атырау қаласының тұрғыны:
Үйіміз
апатты жағдайда, үйіміз суға кетіп қалды, құлап қалды, мұз қатып жатыр. Әкем -
инвалид. 24 адам тізімде бар, дейді.
Білмеймін енді, бермей жатыр.
Жергілікті
билік өкілдері болса сасар емес. Көктемгі жауыннан баспанасы тұруға жарамай
қалған 50 отбасының 29 биылдан қалмай баспаналы болатынын жеткізді. Бірақ ол
күннің нақты қашан болатынын дөп басып айта алмады.
Марта
Нұрғалиева, Атырау қалалық тұрғын үй
коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
Барлығы
емес, соның ішінде 29 отбасы алу керек, солардың мәселесі шешілетін болады. Ал
қалған пәтерге мұқтаж азаматтар келесі үй пайдалануға берілгенде қаралады.
Мұнайлы
өлкедегі апатты үйлер жыры мұнымен бітпейді. Кеше ғана қаланың ортасындағы
Бинеш Жарбосынов көшесіндегі №89 үйдің төбесі опырылып, тұрғындардан маза қашты. Содан бері 16
пәтерде тұратын 100-ден астам тұрғын баспаналарына түнеуге қорқып жүр.
Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік 50 жыл бұрын пайдалануға берілген үйді
2007 жылы апатты деп таныпты. Бірақ, көшіруге асықпаған.
Роза
Тайлыбаева, Атырау қаласының тұрғыны:
Акимат
бізде тіптен көңіл бөлмейді, біліп отыр. Кетесіңдер деп бергеніне осындай болды.
Биыл 9 жыл болды. Содан бері келе жатырмыз біз осылай. Үй жоқ, әлі.
Айналамыздың бәрі кетті. Ортасында бір үй қалып отырмыз. Үйдің іші салқын,
отопление жоқ.
Бұл
баспананың төбесі тіреумен әрең тұр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
бөлімі басшылығы жағдайдың ушығуына тұрғындарды кінәлайды. Бірақ дәл қазір
оларды көшіретін үй жоқ,- деп шорт кесті.
Қайрат
Кенжәлиев, Атырау қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
100
пайызы үй тұрғындарының келіспеуіне байланысты Нұрсая ықшамауданына көшіруге ол
үй көшірілмей қалды. «Себебі Нұрсая мөлтекауданына көшпейміз, қаланың сыртында орналасқан, біздің үйіміз орталықта орналасқан», деп сол
себептен олар көшпеді. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорында бос тұрғын үй
жоқ. Жыл аяғына дейін бұл тұрғындарға үй берілмеуі мүмкін.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Айта
кетейік, аймақта 23 үй мен 13 жатақхана
ресми апатты деп танылған. Оған қоса көктемгі жауыннан баспанасыз қалған тағы
50 шақты отбасын қосыңыз. Сондықтан жыл соңына дейін «Нұрлы жол» бағадарламасы
бойынша тапсырылатын 45 пәтерлік жалғыз үйдің біреуге қуаныш болса, әлі біраз
адамға арман боп қала беретін түрі бар.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ