Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысындағы 3 адам көз жұмған жол апаты: аман қалған оқушылар сол күні олимпиадаға қатысқан

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2023
  • 876

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында оқушылардың жол апатына ұшырауына қатысты тағы да тың ақпарат шықты. Аудандық олимпиадаға бара жатқан бір емес, екі ауылдың көлігі жол апатына түскен. Мұғалім мен оқушылардың өлімін көрген екінші көліктегі балалар сол күні олимпиадаға қатысқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде айтылды. "Олимпиадаға Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігінде бес бала, Priora көлігінде екі бала, жалпы саны жеті бала болды, солай ма?", - деп сұрады журналист. Әкім қайғылы оқиға кезінде екі көлікте жеті оқушының болғанын растады.

"Бұл жағдайға қатысты тергеу жүріп жатыр. Екі баланың екінші машинамен шыққаны айтылды. Бұл жағдайлардың барлығы тергеу кезінде анықталады", - деді облыс әкімі Шахаров. Мән-жайды Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар түсіндірді.

Жол апатын көрген екінші көліктегі балалардың да олимпиадаға бара жатқаны белгілі болды. Жантүршігерлік апатты көрген жасөспірімдер олимпиадаға қатысқан.

"Ол балаларды ауруханаға жедел жәрдем көлігімен апарды, денсаулығын тексерді. Содан кейін олимпиадаға қатысуға рұқсат беріліп, қатысты. Үшінші машина апатқа ұшыраған жоқ. Сонда да ол балаларға дәрігерлік көмек берілді", - деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де жол апаты кезінде үшінші көліктің болғанын растады.

"Үшінші машина Priora көлігі болған. Ол көліктегі адамдар зардап шеккен жоқ. Toyota Alphard жүк көлігіне соққанда Priora көлігін сәл түйген", - деді ПД баспасөз қызметінен Ерболат Сарқұлов.

Еске сала кетейік, 19 желтоқсанда аудандық олимпиадаға бара жатқан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тасжолының бойында жол апатына ұшырады. Қайғылы оқиға кезінде екі оқушы мен бір мұғалім қаза болды. Оқиғадан кейін мектеп директоры өз шындығын айтты. Қазіргі уақытта жарақат алған оқушылар облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.