Русский Сайттың толық нұсқасы

Полиция қазақстандықтарға үндеу жасады

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2023
  • 856

Полиция жол қозғалысын заңсыз шектегені үшін жауапкершілік барын ескертеді, - деп хабарлайды  Polisia.kz.

"Мемлекет басшысы кез келген заңбұзушылыққа "нөлдік төзімділік" көрсету туралы нақты міндеттерді атап өтті, оның ішінде заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау. Осындай заңбұзушылықтардың бәрі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті көздейді.

Биыл полиция қызметкерлері 16 мыңнан аса ұсақ бұзақылықты, 1700-ден аса бөтеннің мүлкін бүлдіру деректерін анықтады. Қоғамға деген құрметсіздікті білдіретін, бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдірумен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін 1,5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соңғы уақытта қоғам назарын аудару мақсатында жолдарды жабу деректері кездеседі. Алайда мұндай акцияларды өткізу заңсыз болып табылады.

Мәселен, кеше Алматыда River Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуды қосу талаптарымен Мақатаев көшесін жауып тастады. Бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, жол жүрісіне кедергі келтіру, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау болып саналады. Бұл жағдайды тұрғындар тиісті органдармен және қызмет көрсететін ұйымдармен заң шеңберінде, сондай-ақ митинг ұйымдастыру туралы Заңның талаптарын сақтай отырып, оны алдын ала жергілікті атқарушы органға хабарлау арқылы шешуі қажет болатын.

Осылайша бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, басқа азаматтарға қолайсыздық туғызды. Осыған байланысты төрт азаматқа қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Акцияның басқа тоғыз қатысушысы көлік құралдарының жүрісіне кедергі жасағаны үшін Кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Естеріңізге сала кетейік, заңсыз наразылық акцияларын ұйымдастыру және өткізу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.