Келер жылы республика бойынша 3 жарым мың шақырымдық 339 ирригациялық жүйе қалпына келтіріледі. Бұл туралы салалық министр Нұржан Нұржігітов «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтарды қоғамдық қабылдауда айтты. Елдің түкпір-түкпіріндегі су жанашырлары түйткілді мәселені ортаға салды. Мәселен, Маңғыстаулық белсенді келер жылы құрылатын «Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының» жұмысына алаңдаушылық білдірді.
Орынбасар Әділ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Россиядағы, Әзербайжандағы ғылыми-зерттеу институттарының барлық жай-күйімен танысып, қайсысы ғылыми-зерттеу кемелерінде орналасады лабораториялардың, қандай лабороториялар стационар болады, қандай лабораториялар өзгелермен бірлесе жұмыс жасауға тартуға болады міне осы мәселелерден кейін барып ғылыми-зерттеу институтын құру жөніндегі мәселемен айналысу керек еді.
Ал алматылық белсенді Хамит Хайруллин су бассейндеріне қоқыс төгетін компаниялардың бассыздығын айтты. Жылдар бойы жазаға тартылмаған жеке кәсіпкерлер жосықсыз іс-әрекеттерін тоқтатар емес дейді. Бұл мәселеге қатысты министр арнайы жұмыс тобын құруға уәде берді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
Су ресурстарының ластануы мәселесі көтеріліп жатыр. Біз қазір өзіміздің бассейн инспекция жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Қосымша штат алдық. Жаңадан қабылданатын су кодексінде бақылау функцияларын күшейтеміз деген ойымыз бар. Әрине, көп суды ауыл шаруашылығы пайдаланады. Сол ауыл шаруашылығында жаңбырлатып-тамшылатып жүйелерді кеңірек енгізу мәселесі.