Русский Сайттың толық нұсқасы

"200-дей адам мерт болады". Смайылов зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер жайлы айтты

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2023
  • 663

Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді. Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады, - деді үкімет басшысы.

Смайылов оған мысал ретінде биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өскенін айтады.

Бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» соңы адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдайлардың саны 7 еседен астам өскен.

Өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандырмайды. Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і ғана өз қызметкерлерін сақтандырып отыр, - деді ол.

Премьердің айтуынша, көптеген елдерде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды.

Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек. Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030-шы жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ең алдымен, кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекелдер алдын-ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс. Жалпы алғанда, Тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек, - дейді Әлихан Смайылов.