Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО баламасы жоқ биг-бэг зауытында дәнді дақыл, цемент пен тұз салатын жұмсақ қапшық тігіледі

Батыс Қазақстан облысында өндіріс өркендеп келеді. Соның негізінде экономика еселеніп, өңірдің әлеуметтік әлеуеті арта түскен. Құрылыс пен кәсіпкерлік қарқын алып, әлеуметтік мәселелердің оңымен шешілгенін де айтуға болады.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірге 2 млрд.теңге қарастырылған. Қомақты қаржы несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мен гранттарға жұмсалды. Тың бизнес-идеясын ұсынған жас кәсіпкерлер де елеусіз қалған жоқ. Шағын және орта бизнес нысандары 21% өсіп, 126 мың адам жұмыспен қамтылды.

Мейрам ҚАБДЫҒАЛИЕВ, БҚО КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша қазіргі таңда облыс бойынша 27 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Қазір 4-тоқсанның қорытындысы бойынша қосымша тағы 6 жоба тіркелуге дайындалуда. Нәтижесінде жыл аяғына дейін облысымызда 33 жоба тіркелетін болады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада үшінші орында тұр.

Биыл өңірде ерекше өндіріс орны ашылды. Облыстағы баламасы жоқ биг-бэг зауытында дәнді дақыл, цемент пен тұз салатын жұмсақ қапшық тігіледі. 3 миллион долларға салынған өндірістің өніміне сұраныс жоғары, тіпті шетелден алдыратындар да бар екен. Тағы бір маңызды жаңалық - облыс енді көгілдір отыннан тарықпайтын болды. Жаңадан ашылған кеніштің арқасында енді өңір өз газын өзінде өндіріп, өзі пайдаланады.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Көктем, күз мезгілдерінде біз осы тапшылықты көріп отырмыз. Қиналып қалып жатқан кездеріміз болды. Атырау мен Ақтөбе облысынан сұйытылған газ тасып отырмыз ғой. Сол тапшылықтан біз құтыламыз, яғни, 4 мың тонна ішкі қажеттілікті біз жабамыз. Қалғанының бәрі әрине сыртқа экспортқа кетеді. Өзіміздің осы зауыттан өндірілген газды пайдаланатын боламыз. Бұл ең жақсы жаңалық деп айтқым келеді.

Сонымен қатар құрылысы аяқсыз қалған 53 нысанның 40-ы салынып, пайдалануға берілді. Мұның ішінде білім ошақтары да бар. Биыл аймақта 32 миллиард теңгеге 27 мектеп салынып жатыр.

Аяжан ЖҮНІСОВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда 8 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 8 тағы мектеп салынып бітеді. Білім ошақтарын апатты жағдайға жеткізбеу үшін 1,2 млрд. теңгеге 4 нысан күрделі жөнделді. Оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін 2,3 млрд. теңгеге 114 заманауи пәндік кабинет жабдықталып, 62 ауылдық мектепке қажетті жабдық алынды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазір госпрограммалар көп. Біріншіден "комфортная школа" деген бағдарлама бар. Одан да басқа көптеген госпрограммалар бар ғой. Осы жастардың дамуына көп жағдайлар жасалып жатыр ғой.
- Мектептердің құрылысы жүріп жатыр қарқынды. Соған өте қуаныштымын. Бұл дегеніміз балалардың болашағына деген сенімін арттыру. Жарқын болашақ үшін барлы жағдай жасалып жатыр. Қуаныштымын.
- Жаңа нәрселер жасалып жатыр ғой. Жастарға көп мүмкіндік беріліп жатыр қазіргі таңда.

Бұған қоса әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жайлы жағдай жасалғасын, шәкірттердің де үлгерімі ілгеріледі. 60 оқушы республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарса, Олимпиаданың республикалық кезеңінде облыстың 4 мектебі еліміздегі «100 үздік мектеп» қатарынан көрінді.