Русский Сайттың толық нұсқасы

Берлинде мерекеге жиналғандарды жүк көлігімен жайпап өткен күдікті қолға түсті

  • AstanaTV
  • 20 желтоқсан 2016
  • 2471

Берлинде мерекеге жиналғандарды жүк көлігімен жайпап өткен күдікті қолға түсті. Полицейлердің дерегінше, күдікті - босқындарға арналған орталықта тұратын 23 жастағы Навед есімді азамат. Ал жүк көлігінен табылған мәйіт польша азаматы Ариэль Журавскидің туысына тиесілі екені анықталды.

Қазір теракт құрбандарының саны 12 адамға жетті, тағы 50-ге жуығы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қаланың орталық алаңында Рождествоға орай ұйымдастырылған мерекелік жәрмеңке қонақтарына соғылған жүк көлігі  80 метрдей жерді жүріп өткен. Германия билігі оқиғаны ресми түрде теракт деп жариялады. Құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халыққа көшеге шықпауға кеңес беріп жатыр.

Сондай-ақ, бүгін Германияның Висбаден қаласында белгісіз біреу тұрғындарға оқ жаудырып, салдарынан бір адам қаза тапты, тағы екеуі жарақат алған. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Еліміздің туризм индустриясы департаментінің мәліметінше, Берлиндегі терактіде зардап шеккендер мен қаза болғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Редакциямызға лаңкестік әрекеттен санаулы минут бұрын оқиға орнынан кетіп үлгерген жерлестеріміз түсірген видео келіп жетті.

Біз Астанадан келген туристерміз. Мына жерге адамдар гүл шоқтарын қойып жатыр. Теракт осы жерде болды. Жерлестер, егер осында жүрген болсаңыздар, сақ болыңыздар. Өте қорқынышты жағдай. Біз де алаңда болдық. Қайғылы оқиғадан 5 минут бұрын ғана кетіп қалғанбыз.