Құрметті көрермен, осы жылдың ең басты жаңалықтарын қорытындылап, өздеріңізге жеткіздік. «ASTANA TIMES» ұжымы жыл ішінде 251 эфир шығарды. Жаңалық жаршылары күн-түн демей 8 мыңға жуық сюжет әзірледі. Салмақты саясат, қоғамның тынысы, экономика мен әлеумет, өнер мен руханиятқа жаңалықты Сіздерге жеткізді. Ал, жылдың соңғы материалын Аружан Задабек әзірледі.
«АСТАНА» телеарнасы жыл бойы тәулігіне 23 сағат хабар таратты. Оның ішінде маңызды оқиғалардан хабардар ететін "Жаңалықтар" бөлімі телеарнаның жүрегі іспеттес. 17 өңірде тілшілер қосыны бар. Аймақтағы тілшілер шалғайдағы шаруаның мұңын, ауылдағы ағайынның татымды тірлігінен хабардар етеді. Оның ішінде телеарна ашылғалы еңбек етіп жүргендер де, тілшілік тіршілікке енді қадам басқан, талабы таудай жас та бар.
Тынымсыз еңбектің нәтижесінде арнамыздың тұрақты көрермендері қалыптасты. Республикалық арналар арасында рейтинг өсті. Жаңалық беру тәсілі өзге арналардан ерекшелене түсті. Тақырыпқа терең кіру үшін түрлі тәсілді қолданды. Көптің көкейінде жүрген мәселелерді көтерді. Эксперимент арқылы күрделі проблемаларды ашық көрсете білді.
Биыл жаңалық жаңа айдарлармен толықты. Ел дамуын бағамдайтын – «Экономика», саңлақтардың жеңісін сүйіншілейтін – «Спорт», әлемге саяхат жасайтын– «В Мире» көрерменге жол тартты.
Жаңалық тілшілері салмақты саясаттан да қалыс қалған емес. Маңызды кездесулер туралы оқиға орнынан хабар таратты.
Биылғы жылдың маңызды оқиғасы. Астана телеарнасына - 30 жыл толды. Арна ең алғаш «ЦЕСНА» деген атпен 1993 жылдың наурыз айында ашылды. 2000 жылдың қарашасынан бастап атауы «АсТВ» болып өзгерді. 2004 жылдың шілде айында маркасын өзгертті. Қазір "АСТАНА" атауымен қалың көрерменге таныс. Жұрттың ықыласына ие болған арна тағы бір жылды сәтті қорытындылады.
30 жыл ішінде талай өзгеріс болды. Телеарна алға қадам басты, өсті. Мықты мамандардың тәжірибе алаңына айналды. Форматы мен студиясы жаңарды. Көрерменнің көзайымына айналды.
Дәл осы студия арқылы талай көрерменнің назы айтылды. Қиындыққа тап болған тұрғындардың мәселесі көтерілді. Жыл ішінде арна арқылы түйіні тарқаған түйіткіл көп.
Сіз көретін бір материал үшін талай адам еңбек етеді. Кадр сыртында қанша адамның қолтаңбасы бар. Оператор, монтажер, режиссер, режиссердің ассистенті, дыбыс режиссері, міне, осы жандардың барлығы эфирдің жақсы, ойдағыдай өтуіне атсалысады.
Бізде кадрдан тыс кадрға кірмейтін қызық та көп.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Біздің телеарна қызметкерлерінің әр күні осылай өтеді. Жығылғанды демейді, жоғалғанға жоқшы болады. Елмен бірге жылайды, бірге күледі. Келер жылы да осы қарқынмен жұмыс істейді. 2024-те жүздесіп, тілдескенше көрермен!