Русский Сайттың толық нұсқасы

2 МЫҢ ПОРЦИЯ ЫСТЫҚ ТАМАҚ, СЫЙЛЫҚТАР ЖӘНЕ АЯЗ АТАНЫҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ: АСТАНА ӘУЕЖАЙЫНАН АҚПАРАТ

  • AstanaTV
  • 30 желтоқсан 2023
  • 929

30 желтоқсан күні сағат 15:00 - 00:00 аралығында жалпы саны 29 рейсті орындау жоспарланған. Алайда, оның 21-і елордадағы қолайсыз ауа райына байланысты кешіктірілсе, 8 рейс кейінге қалдырылды. Қазір Астана халықаралық әуежайында 2500-ден астам жолаушы өз рейсін күтіп отыр.

 Ауа райы салдарынан әуе жолдары кестесінің бұзылуына байланысты ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев жедел штаб құрып, Астана халықаралық әуежайына барлық әуекомпанияның өкілдерін жинады. Арнайы құрылған топ пен әуекомпания өкілдері жолаушылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сауалдарына жауап беріп жатыр.

Әуежайдағы жолаушылар үшін Terminals Astana Airport Management басшылығы 2 мыңнан астам порция ыстық тамақ пен ыстық сусын таратты. Рейстері кешіккен жолаушылардың арасында балалар мен жасөспірімдер бар. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін Аяз ата мен Ақшақар ойын ойнатып, жаңа жылдық сыйлықтар таратуда. Одан бөлек, Астана қаласының өнерпаздары рейсін күтіп отырған жолаушыларға арнап өнерлерін көрсетуде. Барлық жолаушылар ауа-райы қолайсыздығынан орын алған келеңсіздікке түсіністік танытып, барлық сұрақтарына жауап беріп, қажетті көмек көрсетіп жатқан мамандарға алғыстарын білдіріп жатыр.

Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы ашық. Алайда әуеайлақтағы ауа райы әлі де ұшу және қону үшін қолайсыз. Сондықтан әуекомпаниялар рейстерін кешіктіру және кейінге қалдыру туралы шешім қабылдауда.

Әуежай жолаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Егер Сіз 30-31 желтоқсан күндері ұшу жоспарлаған болсаңыз, рейсіңіздің статусын әуежайдың nn-airport.kz ресми сайтынан қарауға немесе 8(7172)702-999 нөмірі бойынша Call орталыққа хабарласуға болады.