Астанада ауыз су тапшылығы мәселесі уақытша шешілді. Елордалықтар күніне 320 мың текше метр су пайдаланады. Оның 105 мың текше метрін жаңа салынған №3 су сорғыш-сүзгіш станциясы тазартып отыр. Сапалы су ары қарай Алматы, Байқоңыр, Есіл аудандарына жөнелтіледі. Жоба құны - 60 млрд теңге. Замануи құрал-жабдықтар Германия мен Америкадан арнайы әкелінген. Нысан «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынды.
Абылай ЕЛЖАСОВ, «АСТАНА СУ АРНАСЫ» БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Көктемде қала бойынша судың берілу қысымы төмендеп кеткенін білесіздер. Осы станцияны қолданысқа беру арқылы мәселе шешілді. Республикада тұңғыш рет ультракүлгін залалсыздандыру технологиясы осы нысанда қолданылып отыр. Су үш кезеңді тазартудан өтеді. Химия-биологиялық, бактериологиялық сараптама жасалады.
Халық санының тез өсуі мен құрылыс нысандарының қарқын алуы ауыз су тапшылығын 2028 жылға қарай қайта туындатады деген болжам бар. Сондықтан төртінші су тазарту станциясын салу жоспары -күн тәртібінде. Астанаға тіршілік нәрі Вячеслав су қоймасынан келеді. Ондағы су көлемі қардың түсіміне байланысты. Сондықтан қала әкімдігі альтернативті су тарту жолдарын да қарастырып жатыр. «AMANAT» фракциясының мүшелері жаңа станцияның жұмысымен танысты.
Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қала әкімінің шешімі бойынша Ертіс-Қарағанды су каналынан осы жаққа су тартылатын шығар Астанаға. Сондай жоба да бар. 200 кмдей канал жасап, сол суды тарту керек Астана қаласына. Қаражат өз уақытысында бюджеттен бөлінсе, мен ойлаймын осы сумен толық қамтамасыз етіледі.