Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді отбасының шырқын бұзып, әйелі мен балаларына күн бермейтін тиран ерлерге заң қатаңдатылмақ. Бүгінгі сұхбатында Мемлекет басшысы бұл мәселеге де айрықша тоқталды.
КСМ: дағдарыс орталығына келген. Жолдасының тепкісінен шаршаған әйел осы орталықта тыныштық тапқанын айтады. Әр қадамын аңдап басып жүрген ол күйеуім төтеннен келіп тап бере ме деп қорқады. Айтуынша, 15 жыл отасқан жолдасымен арада 6 баласы бар. Қазір алтауы да анасының жанында.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Шашымнан жұлады, жақтан ұрады. Тістен тіс қалған жоқ. Мұрыннан ұрып, мұрнымызды сындырды. Үкіметте сол жағынан қарастырса деймін да, сондай сотты нені тездетіп біржағынан, біржағынан еркек адамдарға қазір ол 10-15 күндік қамаққа алу ол ешқандай ештеңені өзгертпейді.
Президент өткен жылы отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралғанын айтады. Нәтижесінде былтырғы жылдың шілде айынан бастап полицейлер жәбірленушіден шағым алумен емес, қылмысты тіркеумен айналысып келеді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
«Аманат» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Президенттің тапсырмасына сәйкес, депутаттар тиісті заңдарға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты қолға алғанын айтты.
Шолпан КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған жағдайларда немесе балаларға қатысты қатыгездік жағдайлар орын алған жағдайда, сонымен қатар олардың жыныстық қол сұғушылық мәселелері орын алған жағдайларда немесе қол сұғушылық мәселелерімен қатысты әрекеттер жасалған жағдайларда не істеу керектігіне байланысты заңдарға жаңа нормалар ұсынылды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева тұрмыстық зорлық зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру үшін әрқайсымыздың рөліміз өте маңызды деп санайды.
Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Осы заң жобасы Үкімет қорытындысында және осы айда Мәжіліске түсуі тиіс, жалпы Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мәселесіне міндетті түрде назарын аударып келеді. +Осы заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа құқықтық бұзушылық кодексіне сәйкес жауапкершілік көзделген.
Елімізде соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жасалған қылмыстар саны екі есеге өскен. 800-ден астам адам қайтыс болып, 2 мыңнан астамы денсаулығынан айырылды.