Русский Сайттың толық нұсқасы

Берлиндегі шабуылды ДАИШ содырлары мойнына алды

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2016
  • 2360

Берлиндегі лаңкестік шабуылды ДАИШ содырлары өз мойнына алды. «Жүк көлігімен халықты таптап өткен террорист аталған ұйымның мүшесі болып шықты», - деп хабарлайды Рейтерс. Қылмыскер әлі бостандықта және өте қауіпті. Ал күдікті ретінде ұсталған 23 жастағы пәкістандық босқынның кінәсіздігі анықталып, босатылды. Полицейлер оның оқиғаға қатысы жоқ екенін айтады. Күдіктіні тек куәгерлердің сипаттауы бойынша ғана ұстаған.

Германияда қаралы күн жарияланды. Халық теракт болған жерге гүл шоқтары мен көңіл айту хаттарын қойып жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көшелерге қарулы күзет қойылған. Ел билігі терактге қарамастан рождестволық жәрмеңкенің жалғасатынын айтты.

Хольгер Пэдцельт, Берлин қаласының тұрғыны:

Қорқудың қажеті жоқ. Біз, керісінше, рождестволық жәрмеңкеге баруды жалғастыруымыз керек. Қоғамдық көліктермен жүруді, ұшаққа отыруды тоқтатпауға тиіспіз. Біз өмір сүріп үйренуіміз керек. Басқа амал жоқ. 

Еске салайық, 19 желтоқсан күні Берлиннің батыс бөлігінде жүк көлігі халықты жайпап өткен. Соның салдарынан 12 адам қаза тауып, 50 шақты тұрғын жарақат алды.