Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдің бірқатар аймақтары жаңа жылдық безендірулер үшін қаржы үнемдеуге көшкен

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2016
  • 5480

Елдің бірқатар аймақтары биыл да жаңа жылдық безендірулер үшін қаржы үнемдеуге көшкен. Жаңа жылдың символы саналатын жасыл шыршаны жайнату басталып та кетті. Кей қалаларда қылқан жапырақты ағашты орнатуға қанша қаражат қарастырылғаны белгілі болды.

Атырауда жасыл шыршаны орнатуға қазынадан 60 млн теңге бөлінген. Ал ақтөбелік «Амира-Д» компаниясы 47 млн теңге жұмсауды мақсат етіп қойып, конкурста жеңімпаз атаныпты. Бұл қаржыға 6 алаңға шырша қойылып, орталық көшелер безендіріледі.

Ақылбек Рысқалиев, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің басшысы:

Шыршалар өте үлкен, сондықтан оған көптеген техникалық жұмыстар атқарылу керек. Жұмыстары басталды. Нақты безендіру жұмыстары тәуелсіздік мерекесінен кейін басталды.

Ал, қызылжарлықтар қаланың басты шыршасын 10 жыл бойы пайдаланып келеді. Биыл жаңа жыл мерекесіне орай безендіру жұмыстарына бюджеттен 21 миллион теңге бөлініпті. Жартысына жуығы шаһар шыршаларын күтуге жұмсалады. Петропавлда барлығы 5 ірі шырша орнатылған. Бұдан бөлек, мұз қалашықтар бой көтермек.

Дархан Айтпаев, Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:

Шыршаның негізгі бөлігі темір құрылымды 10 жыл пайдаланып келеміз. Ал қасбетіндегі пластикалық бөлшегін жыл сайын жөндеп отырамыз. Осы бірер күнде 7 мұз қалашығы соғылады. Оны жеке кәсіпкерлер өз қаражаттарына салмақ.

Ал, Шымкентте жаңа жылдық безендіруге бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Соған қарамастан, қалада үш үлкен шырша орнатылды. Әл-фараби алаңында бой көтерген 18 метрлік шыршадан бөлек, екі жерде 11 метрлік жасыл желек бой көтерген. Есесіне ата-ана қамқорлығынсыз қалған 804 балаға жаңа жылдық сыйлық ретінде 42 мың теңгеден берілді. Бұған қала қазынасынан 34 млн теңге  бөлінген.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы әкімінің  кеңесшісі-баспасөз хатшысы:

Былтырғы  80 млн бастама, яғни аз қамтылған отбасыларға аудару бастамасы халықтың тарапынан өте  жақсы қолдау тапқан болатын. Сондықтан қаламыз әзірлеусіз, әшекейсіз қалмайды.

Алматыда 7 метрлік ерекше шырша қалаға көрік беріп тұр. Ол темір мен винил матадан жасалған. Ойыншықтары да өзгеше. Алматының атақты апорт алмаларымен безендірілген. Мен мұндалаған  шырша жанында  суретке түсушілер көп.

Шырша тұрғызудан тараздықтар да тыс қалмады. Биікті 21, диаметрі 8 метр болатын жаңа жыл символы орталық «Достық» алаңына орнатылуда. Бірақ жергілікті билік «шыршаға бола  шығындалмадық, қоймада жатқанын қайта құрдық» дейді. Ойыншықтарын алуға  да ақша жұмсамаған. Қаланың 3 жеріне құрылып жатқан шыршалар кезінде 3 млн теңгеге сатып алыныпты.

Бақыт Тоқсанбаева, Тараз қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

Мынандай светодиодный дюралайт алдырдық. 50 метрліктен 6 катушка, оның әрқайсысы 44 мың теңгеден, 264 000 мың теңге. Бұл өзіміздің қалалық мәдениет үйінің ақылы қызметінен түскен қаржысына алынған дүние. Қазіргі уақытта өзіміз бұрыннан пайдаланған ойыншықтарымызды барлығын түгендеп, орналастырып жатырмыз.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Полицейлер қаладағы жаңа жыл символын қатаң қадағалап жүр. Тәртіп сақшылары өткеннен сабақ алса керек. Еске салайық, осыдан 2 жыл бұрын орталық алаңдағы жасыл шырша жанып кеткен болатын. Пиротехниканы қолдану кезінде қала тұрғыны абайсызда өртеп жіберген. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ