Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. Екі жыл ішінде бес мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Мыңнан аса азамат сотталды. Тұрғындардың санасында «дүрбелең қайдан туды, кім бастады?» деген сан сауал көп. Күні кеше телеарналардан осы сұрақтарға жауап беретін хронологиялық деректі фильм жарық көрді. Онда ешкім көрмеген эксклюзив материалдар бар.
Қаңтар оқиғасына - 2 жыл. Осыған орай Президент телерадиокешені қанды күндердің хронологиясы мен оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі көрсететін деректі фильм дайындады. Сол арқылы ел тұрғындарын алаңдатқан біраз сұраққа жауап берген секілді.
2022 жылдың басы. Бұл кезең - билікті басып алу мақсатында мұқият жоспарланған ауқымды төнкеріс әрекеті ретінде тарихта қалды. 1 мен 2 қаңтар күні Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газының екі есе қымбаттауына байланысты шеруге шықты. 3 қаңтарда бейбіт шеру өзге аймақтарға жетті. Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берді. Арнайы комиссия Маңғыстауға барып, автокөлік газының бағасына қатысты келіссөз жүргізді.
4 қаңтар. Келіссөздер нәтижесінде газ бағасы төмендеді. Мәселе осымен шешілгендей болды. Бірақ бұл кезде басқа аймақтарда радикалды ұрандар басталып кеткен еді. Полиция мен мемлекеттік қызметкерлерге шабуыл жасалды. Көтеріліс 11 облысқа жетті. Қылмыстық топ өкілдері әкімдікке шабуылдап, полицейлерді соққыға жықты.
5 қаңтар. Президент Үкіметті отставкаға жіберіп, тәртіпсіздіктің мән-жайын тексеруді тапсырды. Бұл күні «бүлікшілер» әкімдікті өртеп қана қоймай, телеарналар мен прокуратураны басып алды. Мәдениет ордасына айналған Алматыны террактыны жүзеге асыратын алаңға айналдырды. Тонаушылар мен ұсақ бұзақылар көбейді. Қаскөйлер қарапайым халықты тірі қару ретінде пайдалана бастады. Қару-жарақ ұрланды. Бұл - жай ғана тәртіпсіздік емес, мемлекеттік төңкеріске ұласты. Мұның бәрі Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттіктен кетіру жоспарының бір бөлігі еді.
Қылмыс әлемінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев оқиға кезінде көзге түсті. Ол «Қазақстан» қонақүйінде өзінің жеке штабын ұйымдастырып, қарақшы топтың әрекетін үйлестірді. Қару-жарақ таратты. Оның «бандасы» адамдарды тұтқынға алып, азаптайуға көшті. Кейін тергеу кезінде Жұмагелдиев сол кездегі Қауіпсіздік комитетінің басшысы Мәсімовтің «жақын адамдарының» өнімі екені анықталды. «Дикий Арман» бұған дейін шетелде жасырынып жүрген. 17 желтоқсанда Алматыға келіп, дайындықты пысықтаған. Қазір Арман мен оның қылмыстық тобындағы 40 адамға қатысты сот процессі жүріп жатыр. Сол сәтте Президент шұғыл шешім қабылдады. Қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық» жасады деген күдікпен жұмыстан шығарылып, қамауға алынды. Кейін басқа да жоғары лауазымды шенділер ұсталды. Мемлекет басшысы 19 қаңтарға дейін елде төтенше жағдай енгізді.
6 қаңтар. Терроризмге қатысты операция жүргізілді. Тек сол күннен бастап құқық қорғау органдары тәртіпті қамтамасыз ету үшін қару қолдана бастады. Мемлекет басшысы қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. 8-нен бастап жағдай тұрақталды. Бірақ лаңкестікке қарсы күрес тоқтаған жоқ. Арада бір күн өткеннен кейін Ішкі істер министрлігі 5969 адам ұсталғанын хабарлады. Оның ішінде 133 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қамалды. Сөйтіп, 10 қаңтар - жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қаңтар оқиғасы кезінде 1466 ғимарат бүлінген. Оның 71-і - мемлекеттік мекеме. 12 қару-жарақ дүкені, 27 полиция бөлімшесі қиратылды . 700-ден аса көлік зақымданды. Сорақысы, 238 адам қаза тапты. Алдын-ала болжам бойынша тәртіпсіздіктен келген экономикалық шығын көлемі – 3 млрд АҚШ доллорына дейін жеткен. Біз айтқан барлық дерек пен дәйек деректі фильмде кеңінен айтылған.