Русский Сайттың толық нұсқасы

Жапониядағы зілзала: зардап шеккендерге $32,5 млн доллар бөлінеді

  • AstanaTV
  • 06 қаңтар 2024
  • 1130

Жапониядағы жойқын жер сілкінісінен соң ахуал ушыға түсті. Бұл туралы 24 kz. хабарлайды. 

Аймаққа азық-түлік пен ауызсу жетпей жатыр. Жанармай тапшылығы да тұрғындарды титықтатып жіберген. Бірақ еріктілер тобы жұдырықтай жұмылып, жергілікті халыққа тегін тағам тарата бастады. Ал әлем елдері құтқару тобы мен гуманитарлық жәрдем жөнелтіп жатыр. Ел билігі зардап шеккендерге мемлекет бюджетінен арнайы қаражат бөлетінін мәлімдеді.

Жапонияда азық-түлік пен ауызсу тапшы Бұл – Жапонияның Исикава префектурасы. Табиғи апат тіркелген күні тұрғындар жердің қақ бөлініп, жылдам жылжып келе жатқан көрінісін бейнекамераға түсіріп алған. Тау құлап, етегіндегі үйлердің барлығы үйінді астында қалып қойған. Зілзала кезінде ең көп зардап шеккен де – осы Ното түбегі. Соңғы дерекке сәйкес апат кезінде опат болғандардың саны 94-ке жеткен. 200-ден астам адам із-түзсіз жоғалған. Жарақат алғандардың саны 250-ге жуықтайды. Қазір мұндағы көрініс адам шошырлықтай. Инфрақұрылым түгел жойылған. Жүздеген мың үй жарықсыз отыр. Азық-түлік пен ауызсу тапшы. Жанармай да жетіспейді.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Ізім-қайым жоғалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.Оған мыңдаған бригада мен құтқарушы иттер жұмылдырылған. Мұндағы қолайсыз ауа райы құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Соған қарамастан жұмысшылар күн-түн демей, тұрғындарды іздеуді тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде 72 сағаттан астам уақыт үйінді астында жатқан қарт әйел тірі табылды. Еріктілер ыстық тағам таратып жүр Тұрғындар бірнеше күннен бері тұтынарға ас, ішерге су таба алмай отыр. Тіпті тұрмысқа қолданатын ағын су тапшылығы да оларды әбден әбігерге салды. Бірақ еріктілер қолдан келген көмегін аямай жатыр. Олар Вадзима қаласында тегін ыстық тағам таратып жүр. Бұл бастаманы түрік азаматы өз командасымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жүздеріне сәл де болса күлкі ұялаған жапондықтар игілікті іске ілтипатын білдірді.

Зардап шеккендерге $32,5 млн қаражат бөлінеді

Билік зілзала кезінде зардап шеккендерге 5 млрд иен қаражат бөледі. Бұл 32,5 млн АҚШ долларына тең. Қаражат өткен жылғы бюджеттің резервтік қорынан жұмсалады. Сондай-ақ апат кезінде қонысынан айырылғандар үшін жаңа баспана салуға жұмсалатын қаржылай көмек сомасы жақын арада бекітіледі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл Жапон халқы үшін әлем жұртшылығы да алаңдаулы. Зілзаладан кейін жаһан елдері көңіл айтып, көмек қолын ұсынып жатыр. Мәселен, ірі державалар АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Аустралия, Еуроодақ елдері құтқару тобын жөнелткен. Сондай-ақ азық-түлік, медициналық препараттар мен киім-кешектен жасақталған гуманитарлық көмек те жолдап жатыр. Ал Рим Папасы Франциск бір қауым елдің алдына шығып, апат кезінде қаза тапқандар үшін дұға оқыды.