Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да бір күнде екі жол апатынан 4 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2024
  • 1353

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 1 адам мерт болып, төртеуі жарақат алды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 қаңтар күні Казталов ауданы аумағында болды.

«Сағат шамамен 16.30-да Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы жолында «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі жүк көлігін басып озамын деп, қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп «Шевроле Лачети» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Жол апаты салдарынан 1 адам көз жұмды. Түрлі жарақат алған төрт адам Казталов аудандық ауруханасына жеткізілді. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.

Осылайша, БҚО-да бір күнде екі жол апатынан 4 адам қаза тауып, 13-і жарақат алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, Орал-Атырау жолында болған жол апатынан кейін 6 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. 2009 жылғы ер бала жансақтау бөлімінде, жағдайы өте ауыр. 2006, 2020, 2013 және 2008 жылғы қыздар травматология бөліміне жатқызылды.

Сондай-ақ 3 әйел облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Соның ішінде жағдайы орташа ауыр 2005 және 2001 жылғы қыз нейрохирургия бөлімшесінде. 1989 жылғы әйелге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емдеуге жіберілді.