Қазақстанда мектебі жоқ аумақтарға көпқабатты үйлер салуға, сондай- ақ сабақта телефон қолдануға заң жүзінде тыйым салынбақшы. Жаңа заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Бүгін бір топ мәжіліс депутаты Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, колледж және мектеп басшыларымен, білім саласының қызметкерлерімен кездесіп жаңа нормаларды талқылады. Халық қалаулыларының айтуынша, бүгінде қаптаған көпқабатты үйлер салынғанымен балалардың жағдайы ескерілмеген. Мектептер оқушыға лық толы, тар бөлмеде қыстырылып- қымтырылып оқиды. Бұл білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Егер мектеп болмаса жеткілікті деңгейде онда сол көп қабатты тұрғын үйлерге рұқсат бермеу туралы норманы біз қабылдап қазір сенатқа заң жобасын жібердік. Сосын 30 жыл бойы жұмыс істеп мектептерді әр 5 жыл сайын тексеріп тұру мәселесі, балалар терезеден құламау үшін терезеге арнайы механизмдар, құлыптар тағу мәселесі бар. Сабақтың үстінде телефонды қолданбау бойынша арнайы норма енгізілді. Сабақ болып жатқанда бала не істеу керек? Сабақ оқу керек».
Депутаттар медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерімен де кездесті. Олар дәрігерлердің мәртебесін арттыру және ақ халаттылардың жауапкершілігін сақтандыру мәселелерін талқыланды. Сонымен бірге мүгедек жандармен жұмыс істейтін әлеуметтік жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобалары әзірленіп жатыр.