Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Қазақстан - Иран іскерлік кеңесі» өтті

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2016
  • 2439

Қазақстан - Иран арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі ұйымдастырған «Қазақстан - Иран іскерлік кеңесінде» белгілі болды. Жиында екі жақты сауда-саттық мәселесі мен визалық жүйені жетілдіру жайы сөз болды.

«Бәйтерек» холдингі қолға алған «Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінде» сауда-саттық, экономикалық және біріккен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сауда операциялары бойынша есеп айырысудың ең тиімді механизмдері де сөз болды. Бұл үшін банктік жүйе ретке келтіріледі. Иран Ислам Республикасының делегаттары екі ел арасында бизнес жүргізуге кедергі болатын визалық жүйені жеңілдетудің маңыздылығын айтты.

Мохаммад Нехавендиан, Иран Ислам Республикасы президент әкімшілігінің жетекшісі:

Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге жеткізуіміз керек. Сауда-саттық қарым-қатынасын жеңілдетеміз. Өткен жылдармен салыстырғанда біраз жетістіктер бар. Визалық режимді де жеңілдету көзделіп отыр. Онсыз бизнес ойдағыдай жүзеге аспайды. Ирандық компаниялар мұнда құны 1 миллиард долларға дейінгі жобаларды жүзеге асыра алады. Қазір Қазақстанда құны 1,4 миллиард доллар болатын 27 біріккен жоба жүзеге асып жатыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың басты операторы ретінде «Бәйтерек» холдингі екі жақтың кәсіпкерлеріне қолдау көрсетуге ниетті. Холдингтің басқарма төрағасы Ерболат Досаевтың сөзінше, кәсіпкерлерге біріккен индустриалды-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін «Қазақстан даму банкі» арқылы ұзақ мерзімді қаржылық демеу көрсетіледі. Қаржы көлемі жеке инвесторлар тарту мен жобалардың сапасына қарай анықталады. Осыған орай Холдингтің қасынан «Kazakhstan project preparation fund» қоры құрылған. «Ал экспорт мәселесіне «ҚазЭкспортГарант» компаниясы көмек беруге дайын», - деді Ерболат Досаев.

Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы:

Біз жаңа экономикалық өзгерістер енгізуіміз керек. Ол бюджетке де, жеке секторға да ешқандай зиян келтірмейтін болады. Сауда, техникалық, жүк тасымалдау жағын ретке келтіреміз. «Бәйтерек» холдингі даму институты ретінде жаңа жобаларға қолдау білдіреді. Атап айтқанда, холдинг пен оның еншілес компаниялары қаржы тарту, жобаларды бір ретке келтіру, кәсіпкерлерге экспорттық және техникалық демеу көрсету мен жаңа келісімшарттарға демеуші болуға ықыласты.

Иран жағы агроөнеркәсіп пен химия бағыты бойынша да жаңа жобалар бастауға дайын екенін жеткізді. Ерболат Досаевтың айтуынша, Қазақстан тек экспортты ғана көздемей, Иран нарығына ең сапалы отандық өнімдер жеткізеді. Сондай-ақ ол 2016 жыл екі ел арасында келіссөздер жүргізумен өтсе, 2017 жылы аталған мәселелер іс жүзінде орындалатынына сенімін білдірді. 

Саламат ОМАШ