Павлодарда 52 миллион теңгеге орнатылған шаһардың бас шыршасы құлады. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Бірнеше күн бұрын дәл осы өңірде жасанды мұз қалашығы еріп кетті. Жаңа жылдық безендІруге жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ мерекені сезінеміз деп миллиондарды желге ұшырып жүрген жоқпыз ба? Толығырақ Сүндет Оралбек айтсын.
Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Бас қаладағы осы алаңда әдетте мұз қалашық салынатын. Түрлі бейнені тамашалайтынбыз. Биыл қар кеш жауғасын ба, әлде басқадай себебі бар ма жасанды қалашық тұрғызылмады. Мұз айдындары салынып, коньки тебуге жағдай жасалған. Жылтыраған мұзды қалың қар басып қалыпты. Тазалау жұмыстары енді жүргізіліп жатыр. Тек фотозоналарға суретке түсіп, атмосфераны сезінесің.
Бұл Елордадағы бас шырша. Биіктігі 25 метр. Сәнді ойыншықтармен, өрнектермен, строб шамдарымен безендірілген. мегополисте үлкенді кішілі осындай 60 сырғанақ тебетін орындар тұрғызылды. Бұған әкімдік 800 миллион теңге бөліпті.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Қала тұрғындары мен қонақтары бұл игіліктерді қыс бойы ақысыз қолданатын болады. Демалыс орындарын құру - аудандардың өз құзырында. Биыл Сарыарқа ауданы - 146 миллион теңге, Байқоңыр ауданы - 83 миллион теңге, Алматы ауданы - 105 миллион теңге, Есіл ауданы - 352 миллион теңге, Нұра ауданы - 150 миллион теңге бөлген.
Жаңа жылдың сәнін келтіру үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ қойылған шыршалардың көбі өртеніп немесе құлап жатқанын көз көрді. Осындайда миллиондаған қаражат болмашы дүниеге жұмсалып жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды.
Блиц-сауалнама:
- Осысымен қызық жаңа жыл. Жаңа жыл болғаннан кейін осындай заттар қойылу керек.
- Әрине қажеті жоқ. Бюджеттен ақша бөліп. Бір алған шыршаны 5 жылға дейін қоюға болады ғой.
- Сезілу керек. Жаңа жыл екені.
Павлодарда мұз қалашық еріп, 53 миллион теңге желге ұшты деп шулағанымызға көп болған жоқ. Күні кеше бас шыршасы қатты желден құлап қалды. Оны сатып алуға әкімдік 52 млн. теңге жұмсаған. Әкімдік өкілдері шыршаны жинап тастағандарын хабарлады.
Оразбек САЯХАТ, ҚАЛА ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Шыршаның негізгі құрылымы зақымдалған жоқ. Ешқандай ақау болған жоқ. Тек ғана қосымша элементтері кей элементтері ғана зақымдалған. Сондықтан бұл шырша алдағы уақытта да пайдаланылатын болады.
Қостанай облысы Жітіқара қаласында кәсіпкер шаһардағы бас шыршаны бұзып алып кеткен. Себебі әкімдік қылқан жапырақтының құнын төлемеген. Жеткізуші айтылған уақытта жаңа жылдың символын құрған. Оны қала әкімі мереке қарсаңында келіп өзі шамын жаққан екен. Кейіннен тапсырыс беруші тарап шыршаның талапқа сай еместігін айтып, қаржысын беруден бас тартқан.
Мейрамбек ОРДАШЕВ, ЖІТІҚАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Аяз ата мен шырша сәйкес келген жоқ. Техникалық сипаттамаға. Өйткені Аяз ата пластиктен жасалған болу керек еді. Олар таяққа сым байлап, үстіне әшекейлер іліп қойды. 28 желтоқсанда біз оларға сәйкес келмейді, қабылдамаймыз деп хат жібердік. Содан кейін олар келді де шешіп алып кетті. Енді біз сотқа береміз.
Жаңа жылда көпшілік шынайы қылқан жапырақтыны төріне қойып қайғанды құп көреді. Уақыт өткесін оны қоқысқа тастауға тура келеді. Қарағанды хайуанаттар бағы осымен 10 жыл қатарынан мерекеден қалған шыршалар мен қарағайларды қабылдауда. Мейрам қарсаңында кесіліп, кейін қоқыстарда қалатын қылқан жапырақтылар жануарларға қорек, әрі табиғи төсеніш бола алады. Сондықтан хайуанаттар бағының күзетшілері өсімдіктерді күн-түн демей қабылдап жатыр. Биылдың өзінде 50-ден астам жасыл ағаш осындағы мақұлықтардың қажетіне жарады.
Әмин АЛИН, ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ЗООТЕХНИГІ:
“Маралдар , бұғылар түгелі табиғи тұрғыда осымен қоректенеді ғой. Хайуандар да иіскелеп, ойнайды. Малдың астына төсеуге де керек. Текке далада шіріп қалғанша пайдалы ғой мында. Өздерің көріп тұрсыңдар, маралдар ақырын- ақырын жеп жатыр. Жолбарыстың балалары ойнайды сонымен, тырнақтарын тазалайды”.
Қалған өңірлерде осы қарағандылықтардан үлгі алу керек. Әйтпесе, қаншама қылқан жапырақтылар қоқысқа кетіп жатыр.