Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ай сайын 900 млн теңге тапқан». Қазақстанда 300-ден аса лото клуб жабылды

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2024
  • 1069

Елімізде заңсыз жұмыс істеген 326 лото клубтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда шамамен құмар ойынға салынған 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы – шамамен 10 млн теңге.

Ойынға ақша тігіп, тоқтай алмауы ерлі-зайыптының ажырасуына, құмар ойынға құныққандардың өзіне-өзі қол жұмсауына әкеп соғуда. Сондықтан бүгінде бұл мәселе өзекті.

Биыл 13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды.

Ең ауқымды бірлескен арнайы операцияны жүргізуге ІІМ мен ҰҚК-нің 3 мыңнан аса қызметкері жұмылдырылды.

«Жедел әзірлеме орбитасында криминал өкілдері де болды. Олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қылмыс жасаған.
Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден аса адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған 8 адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілді. Нәтижесінде 23 атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн рубль, 125 мың доллар, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да дәлелдер тәркіленді.

Қазақстанда барлығы 326 лото клуб жабылды. Шетелдегі онлайн-казинолардың серверлері анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекетін растады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңге екені анықталды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған табыс – шамамен 6 млрд теңге. Бұл ақшаның шамамен 70%-ы шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банк шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түскен, - деді Қуандық Алпыс.

Оның айтуынша, тергеуді ІІМ жүргізіп жатыр. Бүгінде Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалған.

Күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және қатысты деген айыптар тағылды. Басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.