Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кәдімгі карабин мылтықпен пара-пар»: депутат отшашуға қатысты сұмдық деректерді айтты

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2024
  • 714

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжілістің жалпы отырысында отшашудан зардап шеккендерді айтып, оны реттеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бүгінгі депутаттық сауалым ойыннан от шыға ма деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жандардың жанайқайы деп біліңіз. Қазақта «Отқа жуықтың қолы күйер» деген сөз бар. Тақырыпқа тұздық болсын, желтоқсанның соңғы түнінде қала мен ауыл, кент пен елдімекеннің аспаны құдды бір майдан даласына айналғандай күй кешетініміз рас. Себебі отшашудан көз ашпаймыз. Отшашумен от басудың арасы бір-ақ қадам», - деді ол.

Депуатат атағандай, отшашуды қатардағы қызық көретіндерге, оны мерекенің ажырамасы бөлігі деп сенетіндерге статисканы сөйлеткен абзал.

«2021 жылы дөңгеленген дүниеде ондаған адам отшашудың салдарынан көз жұмған, 11,5 мың адам түрлі дене жарақатын алған. Көзі шыққан, саусағынан айырылған, саңырау боп қалған, денесін күйік шалған жандар көп. Қазақстанның құзырлы орындары қарқынды жұмыс атқарды деген жылдары фейрверк сатқандарға 3,4 миллион теңге айыппұл салыныпты, бірақ... Бірақ дейтін себебім, елімізде азаматтық пиротехникалық бұйымдар сатумен айналысатын 40-тан астам заңды тұлға бар. Мұның сыртында заңсыз мыңдаған алыпсатар жүр», - деді ол.

Сәрсенғалиев «олардың рұқсаты болмаса да базар маңында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетеді, соны құқық қорғау орындары көрмейді дегенге біреу сене ме?» деді. Ол «азаматтар құзырлы орындар бәрін біледі, біле тұра шара қолданбайды» деп ашынып келді» дейді.

«Ал салдары сойқан, ашық ақпарат көздеріне сенсек, 31 желтоқсанда түнде Қазақстанда отшашудың салдарынан 15 адамды күйік шалған, оның алтауы – бала. Ауыр жарақат алған 13 жастағы баланың саусағын петарда жұлып кеткен. Бұл сұмдық емес пе?! Ал Астанада тұтанғанда жерге құлаған фейрверк сырғанап ойнап жүрген балаларға қарай атылғанын, балапандардың жанұшыра көмек сұраған бейнежазбасын бәріміз көрдік. Мұның барлығы ақпарат бетіне шыққан жайттар ғана, білмейтініміз қаншама?», - деді Сәрсенғалиев.

Депутат атағандай, құқықтық тұрғыдан жеткілікті деңгейде реттелмеген осы жағымсыз құбылыс ағайынның алаңдаушылығын тудырып отыр.

«Сондықтан бұл мәселені жедел қолға алып, пиротехникалық бұйымдардың елге кіргізілуіне, оларды тұтынуға қатаң шектеу қою немесе тыйым салу қажет. Әсіресе, пайдалануды барынша қатаңдатқан жөн. Тағы бір қатер, таяуда Еуропа елдерінің бірінде болған оқиға фейерверктерді қару ретінде де пайдалануға болатынын көрсетті. Теріс пиғылдылар адамдардарды нысанаға алып атқан, салдарынан ондаған адам зардап шекті. Оның ішінде жүкті әйелдер мен балалар да ауыр жарақат алған», - деді ол.

Сәрсенғалиев атағандай, бұл сабақ алатын жайт, себебі қазір Қазақстанға заңсыз әрі контрабандалық жолмен әкелінетін фейрверктердің ішінде қандай оқ-дәрі бар екенін білмейміз.

«Тіпті мамандар олардың кейбірінің жарылуы кәдімгі карабин мылтықпен пара-пар дейді. Елімізде пиротехникалық құралдарды пайдалану мәселесі не Әкімшілік кодекспен, не арнайы ережелермен нақты реттелмеген. Кімнің қай жерде, қандай фейерверктерді қолданып отырғанын бақылап жатқан ешкім жоқ?! Әлемде фейерверк салдарынан жарақаттанғандардың 38 пайызының көзі қайта қалпына келмеген. Осыны ескеріп, бірқатар батыс елі фейерверктерге қатысты тәртіпті тым қатаңдатты. «Kaz Eco Patrol» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, эколог Тимур Елеусізов қоршаған ортаға пиротехникалық бұйымдар жарылысынан бөлінетін күкірттің көп зиян келтіретінін айтады», - деді ол.

Осы ретте депутат бірқатар ұсыныс айтты:

түрлі саланың білікті мамандарының қатысуымен пиротехникалық бұйымдардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға, экономикамызға келтіріп отырған залалын талдап, қорытындысын шығару керек.

тиісті заңнамаларға пиротехникалық бұйымдарды елімізге сырттан кіргізуге, оны қолдануды қатаң реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар дайындау қажет.