Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 53 жаста кімдердің зейнетке шығатыны белгілі болды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2024
  • 3240

Биыл кімдер 53 жаста зейнетке шығуға құқылы? Төрт бала туған аналар 53 жаста зейнетке шыға ала ма? Ол үшін қайда бару керек? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазір жыл санап, әйелдердің зейнет жасы ұлғайтылып келеді. Былтыр әйелдер 61 жасқа толғанда зейнетке шыққан болса, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес 2031 жылы 63 жасқа жеткенде ғана зейнеткер атана алады. Дегенмен заңнамамызға сәйкес жеткен кейбір санаттағы әйелдер 53 жасында, кейде тіпті 45 жасында зейнетке шығу мүмкіндігіне ие.

2031 жылы әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңеседі

Қазір зейнетақы төлемдерiн тағайындау реті бекітілген. Ерлер 63 жасқа толғанда зейнетке шықса, әйелдердікі жыл сайын төмендегідей ұлғайып отырады:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;

2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;

2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;

2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;

2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Байқағандарыңыздай, 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің "зейнеткерлік" жасы өзгермейді.

Кімдер зейнетке ерте шығуға құқылы?

Елімізде зейнетке шығу жасы, тағайындалатын төлемдері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес реттеледі.

Заңға сәйкес жасына байланысты келесі санаттағы әйелдерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылған:

1. Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз - 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың, атап айтқанда ерлер – 50 жасқа толғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

2. 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Базалық зейнетақы төлемi және жасына байланысты зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады. Дегенмен зейнеткер қайтыс болған жағдайда немесе Қазақстан аумағынан тыс жерге тұрақтауға кеткен кезде тоқтатылатынын ескеру қажет.